425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбекстан Аралдың құрғап қалған табанына 100 гектар орман отырғызбақ

  • 454
  • UPD: 08:56, 22.03.2020

Өзбекстан Арал теңізінің құрғап қалған табанына 100 гектар орман отырғызуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол үшін Біріккен ұлттар ұйымы Даму бағдарламасының осы елдегі өкілдігі краудфандинг платформасы арқылы халықтан ақша жинамақ. «Бұл игі іс Арал апатының салдарын жоюға бағытталған», - дейді идея авторлары. Көрші елдегі меншікті тілшіміз Жасын Біркенов көгалдандыру операциясы туралы толық баяндайды.

Жасын Біркенов, тілші:

Арал көлемі жағынан кезінде әлемдегі ең үлкен төрт теңіздің бірі еді. Бір кезде толқыны тулаған, шағаласы шулаған айдынның бұл күні проблемасы көп.

60 мың шаршы шақырым аумағындағы су тартылып, қазір бұл аумақ Аралқұм шөліне айналды. Осы Аралдың Өзбекстанға жақын тұсында Қарақалпақстан тұр. Қазір осы өңірдегі халықтың тең жартысы таза ауыз суға зәру. Оның үстіне бұл аймақта кедейшілік деңгейі жоғары әрі туберкулез бен қатерлі ісік аурулары өршіп тұр. Бұл аздай, су алабынан ауаға тұзды тозаң көтеріледі.

Жүсіпбек Қазбеков, Қарақалпақстан Республикасы министрлер кеңесінің бірінші орынбасары:

- 5,5 млн гектар босап қалған. Ол жерде Қарақалпақстан, Хорезм аумақтарына шаң-тозаң, тұз, құм ұшуы нәтижесінде жылына 70 млн тонна шетке жайылады.

Әли Шаддинов, Қарақалпақстан Республикасының тұрғыны:

- Арал теңізі құрып кеткен соң туберкулез секілді аурулар көбейіп кетті. Арал құрғағаннан кейін көп адамдар көшіп кетті. Қаншама орыстар көшіп кетті. Қазақтар бар еді. Олар Қазақстанға көшіп кетті.

Біріккен ұлттар ұйымы Даму бағдарламасының осы елдегі өкілдігі бұл аймақтағы экожүйені қалпына келтірмекші. Сол себепті Аралдың құрғап қалған табанын көгалдандыруға халықтан ақша жинауды бастап кетті.

Матильда Димовска, БҰҰ ДБ Өзбекстандағы тұрақты өкілі:

- Әр долларға бір сексеуіл егеміз. Бастапқы кезеңде 100 гектар жерге 100 мың көшет отырғызу көзделіп отыр. Біле білсеңіздер, бір ағаш 4 тоннаға дейін құм-шаңды ұстап тұрады. Осылайша, улы тұз бен құмның Орталық Азия елдеріне таралуына төтеп беріп, теңіз табанын орманға айналдыру жоспарда бар.

«Теңіздегі судың деңгейін көтеруге қауқарымыз жетпесе де, экожүйені қалпына келтіруге барынша тырысамыз», деп жатыр ұйым өкілдері. Бірақ бұдан бөлек, Өзбекстан Үкіметі де биыл Аралдың табанына 700 мың гектар жерге сексеуіл егуді жоспарлап отырғанын айтып кеткен жөн.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы