445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 42 адамға жетті

  • 96
  • UPD: 18:07, 22.03.2020

Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 42-ге жетті. Ресми Ташкент кеселдің таралуын тежеуге бар күш-жігерін салып жатыр. 

Жасын Біркенов, тілші:

- Дөңгеленген дүниені дүрліктірген аурумен Өзбекстанда 42 адам ауырып жатыр. Қазір олардың арасында ауыр халде жатқандар жоқ. Күні кеше ғана жергілікті билік коронавирус жұқтырған науқастар үшін Ташкент шаһарында қысқа мерзімде 3 аурухана салынатынын мәлімдеді. Есесіне Өзбекстанда бір мезгілде бір мың науқасқа көмек көрсету үшін қажетті дәрі-дәрмек пен диагностикалық құралдар жеткілікті, деп сендіріп отыр Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мемлекеттік инспекциясы. Алайда дәріханаларда бетперделердің тапшылығы қатты сезіледі. Тапқанның өзінде олардың бағалары шарықтап тұр. Бұрын 50 теңге тұрған бір рет қолдануға болатын маскаларды қазір 100-200 теңгеден саудалап жатыр. Үкімет мұндай бетперделердің өндіріс көлемін 10 есеге арттыруды жоспарлап отыр. Тағы бір айтып кететін жайт: Өзбекстанда осындай қиын қыстау заманда мінер атқа, ішер асқа зар болып жүргендер арасында қорғаныс құралдарын тегін таратып жүрген жомарт адамдар бар. Мысалы, Ташкенттегі Учтепа ауданының тұрғыны Меккедегі қажылық саяхатқа жинап терген ақшасына 1 мың метр мата сатып алған. Сөйтіп, өз үйінде бетперде тігіп, оларды көшедегі адамдарға тегін таратып жүр. Бес күнде мыңға жуық азаматтың қолына маска ұстатыпты. 

Ойдонхон Хошимова, Ташкент қаласының тұрғыны:

- Бұл синтетикалық бетпердеден әлдеқайда жақсы. Әрі бірнеше рет пайдалануға болады. Екі сағат сайын жуып, таға бересіз. Мақтадан жасалғаннан кейін аллергия да болмайды. Бір метр селдір матадан 4 маска шығады. Қауіпті індеттен үйде жатып сақтанғанша, көшеде бетперделерсіз жүрген азаматтарға осылай көмектесуді ұйғырдым. Күнде маска сатып ала беретін әр адамның мүмкіндігі бола бермейді.

Жасын Біркенов, тілші:

- Бәрімізге ортақ қасіреттен пайда көріп жүрген алыпсатарлар, өкінішке орай, аз емес. Бір құмалақ бір қарын майды шірітіп жүр. Өткенде Қазақстан қалалары арасында қатынайтын такси жүргізушілері де ақшаны ар-ұяттан, адамгершіліктен жоғары қойған. Қайта осындай сәттерде үміт пен күдік қатар билеген күндері бір-бірімізге демеу болуымыз керек емес пе! Оған қоса бүгін ұлысты ұйыстырған Ұлы Наурыз. Ақ пейіл жұртымыз қашанда осы мейрамды ақ дастарқан жайып, ақ тілекпен қарсы алған. Елдің тыныштығын, халықтың ынтымағын тілеген. Бұл күні көршісіне көмек беріп, сауапты ізгі істермен айналысқанын ұмытпайықшы, ағайын.

Наурыз демекші, өзбектер бұл мейрамды кең көлемде тойлайтын халықтардың бірі ғой. Биыл қалай болып жатыр?

Жасын Біркенов, тілші:

- Биыл Өзбекстанда да Наурызды жаппай тойлауға тыйым салынды. Мұндағы халық Ұлыстың ұлы күнін бес күн, бес түн тойлайтын еді. Қазақ көже дайындаса, ала шапанды ағайын бүкіл ел болып сүмәләк әзірлейтін. Биыл ол да жоқ. Ақиқатын айту керек, мерекелік көңіл-күй сезіліп жатқан жоқ мұнда.

Хабар 24 телеарнасы