423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильдегі халық тек 3 себеппен ғана сыртқа шығады

  • 537
  • UPD: 10:23, 24.03.2020

Израиль карантин ережелерін тағы да қатаңдатты. Бұл елде қазір жұмыссыздық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Коронавирусқа қарсы күресті күшейту үшін мұнда салық енгізу ұсынылып отыр.

Израиль жұрты енді тек 3 себеппен сыртқа шыға алады. Яғни азық-түлік сатып алу мақсатында, жалғыз серуендеу не жұмысқа жету үшін ғана далада жүруге рұқсат. Жұмыс демекші, мұнда біраз кәсіпорынның қызметі тоқтаған. Салдарынан екі қолға бір күрек таппай жүргендер қатары артқан. Олардың саны ел тарихындағы ең үлкен көрсеткішке, яғни 17 процентке жетті. Осы орайда «жұмыссыздарды тіркеу жылдамдығы» деген жаңа термин пайда болған. Жақында бұл жылдамдық сағатына 7 мыңға дейін жеткен.

Алена ірі халықаралық компанияның қызметкері. Бағдарламалық жасақтаманы тексерумен айналысады. Бір апта бұрын ол қашықтан жұмыс істеуге көшті. Сөйтіп, Алена үлкен ұлының бөлмесін уақытша кабинетке айналдырған.  

Алена Боярская, халықаралық компания қызметкері:

- Жұмысты тоқтатуға болмайды. Кестелер мен нұсқаларды кейінге қалдыра алмаймыз. Сондықтан құрал-саймандарымды үйге әкеп алдым. Жұмыс барда жалақы да болады. Алайда басқа таныстарымның жағдайы қиын. Жұмыссыз қалғандар аз емес. 

Жалпы Израильде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. Полицейлер халықты оқшаулау бойынша ұлттық операцияға дайындалуда. Базарлар мен барлық сауда орталығы жабық. Тель-Авивте анализ тапсырудың мобильді бекеттері ұйымдастырылған. Енді коронавирусқа көліктен шықпай тексерілуге болады. 

Шафир Ботнер, Израиль жедел жәрдем қызметінің өкілі:

- Күніне 300 адамнан тексереміз ба деп отырмыз. Бұл әзірге ғана. Осы аптаның ішінде көрсеткішті мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.  

Израильде коронавирусты жұқтырғандар саны 1300-ге жуықтады. Бір адам, яғни қарт кісі көз жұмған. Ол вирусты әлеуметтік қызметкерден жұқтырып алса керек. Газа секторындағы жағдай да мәз емес. Мұнда науқас көп. Пандемия салдарымен күрес мақсатында Израиль билігі 40 жылда алғаш рет арнайы салық енгізуге ниетті. Халық оны табыс салығымен қоса төлеуі тиіс. Билік тұрғындардан алынған бұл ақшаны кейін өздеріне қайтарып беруге уәде беріп отыр. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы