447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада жаппай жұмыссыздық белең алды

  • 97
  • UPD: 16:30, 24.03.2020

Украинада карантин жариялағаннан бері 12 күн болды осы уақыт аралығында 4 млн жуық адамды жұмыспен қамтып келген 700 мыңға жуық кәсіпкер дағдарысқа тап болған.

Бұл туралы жергілікті сауда өнеркәсіп палатасы мәлімдейді. Ел заңгерлері карантин аяқталғаннан кейін Украинада 10 млнға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін деп болжап отыр. Қазіргі уақытта мемлекеттің 73 азаматы коронавирус жұқтырған, індеттен үш адам қайтыс болды.

Карантиннен туындаған дағдарыстан Украинада әсіресе шағын кәсіпкерлік көп шығын тартып отыр. Ресми түрде билік бұл дағдарысты «форс-мажорлық жағдай» деп жариялады. Әсіресе кіші бизнес иелері: кафе, мейрамхана, спортзалдар мен шаштараз және сауда орындарын жалға алған бизнес адамдары мүлік арендасын өтей алмай, орасан шығынға батып отыр. 

Денис Фетисов, заңгер:

- Қарыз бойынша міндеттемелерін орындамаған 700 мың кәсіпкер сауда палатасына көмек сұрап жүгінген. Бұл дегеніміз шамамен 3-4 млн қызметкер қазіргі уақытта қиын жағдайға тап болып тұр деген сөз. Жағдай қалай жалғасын табады белгісіз. Егер карантин наурыз айында аяқталса, бизнес қалпына келе бастайды. Ал дағдарыс жалғасын тапса 1 млннан 10 млнға дейін жұмыссыздар саны артуы мүмкін. 

Заңмен бекітілген форс-мажорлық жағдай коммуналдық төлемдерді кеш төлеуге мүмкіндік береді. Алайда бұл инфрақұрылымдық коллапсқа әкелуі мүмкін деп болжайды мамандар.

 

Денис Фетисов, заңгер:

- Індетке қарсы қабылданған шаралар аясында коммуналдық төлемді кешігіп төлеуге рұқсат берілген. Алайда статистика қазірдің өзінде мәз емес. Коммуналдық төлем бойынша қарыздар Украинада 1,6 триллион гривенге жеткен. Бұл қауіпті және инфрақұрылымдық коллапс туындауы мүмкін. 

Коронавируске қарсы күресті күшейту мақсатында Украинаның 9 өңірі төтенше жағдай жариялады. Ел астанасында да сақтық шаралар күшейді. Барлық бала ойнайтын алаңдар жабылды. Сондай-ақ 23 наурыздан бастап, қаладағы жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлікті арнайы рұқсат қағазы бар адам ғана тұтына алады. Мұндай рұқсат құжат тек стратегиялық нысанда жұмыс жасайтын қызметкерлерге және құтқару, медицина саласының жұмысшылары әрі дәріхана мен азық түлік дүкендерінде қызмет істейтін адамдарға ғана беріледі. Украинадағы карантин 3 сәуірге дейін жалғасады.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы