447,60 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ташкентке кіріп-шығуға тыйым салынды

  • 133
  • UPD: 19:20, 24.03.2020

Өзбекстанда коронавирустың алдын алудың күшейтілген режимі енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты ел астанасына адамдардың кіруіне шектеу қойылып, бас қаладағы базарлар жабылды. Вирус жұқтырған адамдардың саны 50-ге жетті.

Бүгіннен бастап көліктердің барлық түріне Ташкентке кіріп-шығуға тыйым салынды. Бірақ бұл шектеудің жүк көліктеріне қатысы жоқ. Сонымен бірге ел астанасына осында тіркелген азаматтар ғана кіре алады. Ал бас шаһардан шығу уақытша мүмкін болмайды. Бұл – коронавирустың таралуына жол бермеу үшін жасалып жатқан қадам. Өйткені қауіпті індетті жұқтырғандардың дені Ташкентте анықталды. Мұнда жұқпалы аурумен бүгінде 40-тан астам адам аурып жатыр. Бұдан бөлек, республика ішіндегі барлық әуе рейс тоқтатылды. Сонымен бірге ел астанасы пен облыстар арасындағы теміржол қатынасы да үзілді. Ұшақтар мен пойыздардың қозғалысы қашан қалпына келетіні әзірге белгісіз. Үкімет шығарған қаулыға сәйкес, бас қаладағы базарлар да жабылды. Құрылыс материалдары, автокөлік, тұрмыстық техника, қысқасы азық-түлік емес тауарлар сатылатын сауда орындары өз жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр. Қызмет көрсету ақысын төлемесе де, азаматтардың интернет пен телефон байланысы екі ай бойы ажыратылмайды. Бірақ коронавируспен ауыратын науқастардың, сондай-ақ осы ауруды жұқтырды деген күдігімен карантинде жатқандардың ұялы телефондары, аудио және бейнеаппаратуралары мен банк карточкалары уақытша тәркіленеді. Ал карантиндік аймақтарды бұдан былай әскери қызметкерлер күзететін болды. Бұған дейін 7 адам карантин ережесін бұзып, өз еркімен медициналық мекемеден кетіп қалған еді.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы