435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда 165 мыңнан астам компания мен өндіріс орны жұмысын тоқтатты

  • 95
  • UPD: 11:21, 25.03.2020

Түркияда коронавирусқа шалдыққандар саны күннен күнге артып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы ақпар бойынша елде бір тәулікте қауіпті індетті жұқтырғандардың саны 1529-дан 1872-ге өскен. Ал, дерттен көз жұмғандардың саны – 44. Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожа хабарлайды.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Анадолы жерінде коронавирусқа шалдыққан алғашқы дерек наурыздың 11-і күні тіркелді. Осыған байланысты соңғы 10 күннің ішінде барлық мемлекеттік ресурстар жұмылдырылып, сақтық шаралары күшейді. Алайда, Түркия билігі мұнымен шектелмейін деп тұр. Бүгіннен бастап барлық азық-түлік дүкені таңғы 9:00-ден кешкі 21:00-ге дейін ғана қызмет көрсетеді. Ал, сауда орталықтарына бір уақытта санаулы кісі ғана кіре алады. Қалғандары кезекке тұрып, дүкендегі кісілер шыққанын күтеді. Бұдан бөлек, қоғамдық көліктерге де санаулы жолаушылар ғана мінуіне рұқсат берілді. Қалааралық автобустарда да жолаушылар осы нұсқаулық бойынша тасымалданады.

Елдегі орта мектептер қашықтан оқу жүйесіне жаппай көшірілді. Сабақтар мемлекеттік телеарналар арқылы өтіп жатыр. Бағдарламалар оқу кестесіне сәйкестендірілген. Телеарналар арқылы қашықтан оқыту әсіресе, интернеті әлсіз немесе қажетті құрал- жабдықтары жоқ шалғай аудандар үшін өзекті. Елде жаппай интерактивті оқытудың алғашқы дәрісін Ұлттық білім беру министрі Зия Селжүктің өзі өткізді.

Зия Селжук, Ұлттық білім беру министрі:

- Қашықтан оқытуды әртүрлі стандарттағы 6 телеарна арқылы жүргізіп отырмыз. Қашықтан оқыту барлық оқушыларға қолжетімді болу керек. Әрбір дәріс қайталанады. Тіпті интернеттен де көрулеріне болады. Бұл еліміз үшін, біз үшін жаңа тәжірибе. Бастама сәтті жүзеге асады деген сенімдемін.

Коронавирус індеті шыққалы Түркияда бетперделер мен арнайы киімдер бағасы күрт қымбаттады. Тіпті өнімдерін сатпай, одан да қымбаттауын күтіп отырған кәсіпкерлер жеткілікті. Денсаулық сақтау министрлігі олармен келісімге келуге әрекет жасады. Билік өкілдерінің талабы орындалмаған жағдайда өндіріс орындарының жұмысы тоқтайды.

Фахреттин Кожа, денсаулық сақтау министрі:

- Елде сұраныс бола тұра, ұсақ мүдделері үшін әрекетке көшкен өндірушілерге қарсы қатаң санкциялар қолданылды. Біз оларды енгізуді жалғастыра береміз. Бұл кезеңде шетелге экспорттар тоқтатылды. Түркияда шығарылған бетперделер, Түркияға қолданылады. Шетелге сатылмайды.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Ішкі істер министрлігінің сөзінше, коронавирусқа қарсы шаралар аясында елде 165 мыңнан астам компания мен өндіріс орны жұмысын тоқтатқан. Бұдан бөлек, шаштараздар мен сұлулық салондары да жабылды. Себебі, вирус көбіне осы жерлерлерде тарайды. Дәрігерлерлер халыққа дүкендерге емес, сырттағы базарларға баруға кеңес беруде.

Хабар 24 телеарнасы