445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытай дәрігері: Коронавирустан көз жұмғандардың иммун жүйесі зақымдалған

  • 112
  • UPD: 11:55, 25.03.2020

Қытайда бір тәуліктің ішінде коронавирус жұқтырған 47 адам тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 19-ы Шанхай қаласында, бесеуі Бейжіңде. Осы жолы да жаңа науқастардың барлығы сырттан келген азаматтар. Ал, ауруханаларда әлі күнге дейін ем-дом қабылдап жатқан 4 мыңнан астам адам жатыр. Сонымен қатар елдің Денсаулық сақтау комитетінің соңғы мәліметі бойынша COVID-19 дертінен 4 адам көз жұмды. Қазір бізбен тікелей байланысқа Қытайдағы тілшіміз шығып отыр.

Диктор:

Қытай енді сырттан келетін жолаушылардан қауіптенетіні белгілі. Бейжің қандай да бір қосымша сақтық шараларына кіріскен болар?

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Иә, ел астанасында шет елден коронавирус жұқтырып келгендердің саны артқандықтан, Бейжің әуежайында екі жерден тағы қосымша  инфрақызыл тепловизорлар орнатылды. Эпидемиологиялық қауіпті елдерден жеткен жолаушылардың дене қызуын сынапты термометрмен де тексереді. Сонымен қатар коронавирусты анықтайтын тест жасалып, міндетті түрде оқшауланады. Енді халықаралық рейстер елдің 12 қаласына қонатын болды. Шектеу тек Гонконг, Макао мен Тайваньнан келетін ұшақтарға қойылған. Жалпы наурыздың 11-інен бері Бейжіңге шамамен 75 ұшақ қонды. Келгендердің көбі Қытай азаматтары. Соңғы 4 күнде карантин режимін бұзған 4 шет елдің азаматын ел аумағына кіргізілген жоқ.

Диктор:

Коронавирусты зерттеу жұмыстарында қандай да бір алға басушылық бар ма?

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Мамандар бұл вирусқа қатысты әлі де жауабы табылмаған сұрақтар көп дейді. Коронавирустан қайтыс болған 30 адамды зерттей келе, олардың көбінде өкпе, бронхы мен иммун жүйесі зақымдалғаны белгілі болды. Бұл туралы індетті бақылау мен алдын алу механизмінің баспасөз конференциясында хабарланды.

Ван Гуйцян, Бейжің университетінің дәрігері:

- Коронавирустан көз жұмғандардың иммун жүйесі зақымдалған. Көп сұрақтардың жауабы әлі де табылған жоқ. Көкбауыр мен лимфалық түйіндердегі қабыну байқалады. Жілік майының жасушаларында да өзгеріс бар. Лейкоциттер мен лимфоциттердің деңгейі де төмен көрсеткішті көрсетті. Ал, лимфоцит санының азаюы адам денсаулығының нашарлауын көрсетеді. Науқастың иммун жүйесінің зақымдалуы өлімге әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан заманауи клиникалық диагностика мен ауыр халде жатқан науқастарды емдеуде имунитетті көтеру әдісіне көп көңіл бөлінеді.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Айта кетейін, бұнда мамандар науқастардың иммунитетін көтеру үшін Қытайдың дәстүрлі медицинасына жүгінеді.

Хабар 24 телеарнасы