411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде коронавируспен күреске арнайы қызмет өкілдері жұмылдырылды

  • 180
  • UPD: 15:26, 25.03.2020
Израильде коронавируспен күреске арнайы қызмет өкілдері жұмылдырылды

Израильдің арнайы қызмет мамандары коронавируспен күрес бойынша төтенше өкілеттілікке ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді олар сот ордерінсіз адамдарды аңдуға мүмкіндік алады. Бірақ бұл шешім құқық қорғаушылардың алаңдаушылығын туғызып отыр. Ал, билік өкілдері «бұл шара тек коронавирус жұқтырғандарға қатысты болады», дейді.

Израиль қауіпсіздік қызметіне коронавируспен ауырғандарды телефоны арқылы бақылап, олармен байланыста болған адамдарды өзінше анықтауға рұқсат берілді. Заң бойынша арнайы қызметтердің тек екі жағдайда ғана ұялы байланыс компаниялардың мәліметтерін пайдалануға құқығы бар. Терроризмге қарсы күресте және соттың арнайы рұқсаты болғанда ғана. Ал енді үшінші себеп – коронавируспен күрес бағыты қосылды, ол үшін тіпті сот ордері де керек емес. Мамандардың айтуынша, тек науқастардың телефондары тексеріліп, соңғы екі аптада кімдермен қарым-қатынаста болғаны ғана анықталады. Мәлім болған дерек тек Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырылып, министрлік өз кезегінде әлгі азаматтарға науқаспен байланыста болғанын дәлелдеп, екі апта үй карантинінде болуды міндеттеп хабарлама жібереді.

Лиор Табанский, арнайы қызметтер жұмысы жөніндегі сарапшы:

Бұл шешім ең алдымен дүрбелеңге жол бермес үшін қабылданған. Қажет ақпаратты көпшілікке жария етпей, тек нақты тұлғаларға хабарлаймыз. Өзге адамдардың зәресін текке ұшырмау амалы дер едім.

Қатал шараларға қарамастан, індеттің таралуына әлі тосқауыл қойылған жоқ. Күн сайын 20-25 адам індет жұқтырады. Әскерилер де қалыс қалмай, қорғаныс саласы енді өз қатарына қосымша 300 мың адам шақыртып, полицияға дезинфекция жасауға көмектесіп жүр.

Лиоз Шахар, тыл қызметінің офицері:

- Батальонымызды Гедера қаласындағы қарттар үйіне жіберді. Біз қызметкерлеріне көмектесіп, барлық бөлмелерді залалсыздандырып жүрміз.

Израиль флотындағы кемелерге барлық экипажымен теңізге шығуға бұйрық берілді. Жағаға жақындамай, қажетті заттар тік ұшақтармен жеткізіліп, жөндеу жұмыстарын өз күшімен атқаратын болды. Әскери базаларға да ешкімді жібермей, жауынгерлерді де сыртқа шығармайды.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы