445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехия жалпыұлттық карантин мерзімін ұзартты

  • 70
  • UPD: 08:38, 26.03.2020

Чехия жалпыұлттық карантин мерзімін 1 сәуірге дейін ұзартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде коронавирустан алғашқы науқас – 95 жастағы ер адам қайтыс болғаннан кейін билік осындай қадамға барып отыр. Осыдан бірнеше күн бұрын қоғам белсенділері саясаткерлерден қауіпсіздік шараларды жұмсартуды талап еткен еді. Егер көшеге бетпердесіз шығуға қарастырылған ірі айыппұлды халық түсінікпен қабылдаса, дүкендердің күніне тек екі сағат жұмыс істеуі жұрттың наразылығын тудырып отыр.

Жаңа ережелер бойынша, тұрғындар үйлерінен тек жұмыс пен дүкенге ғана шыға алады. Тек шұғыл жағдайда дәрігер мен туыстарға баруға рұқсат. Ал сыртқа шыққанда, өзге адамдарға екі метрге жақындамау керек. Карантин ережелерін бұзғандарға жүз жиырма мың еуро мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.

Иржи Иван, дәрігер:

– Қатал көрінгенімен, бұл қауіпсіздік шаралары бізге қажет. Үкімет компанияларға қашықтан жұмыс істеуге рұқсат берді. Полиция, өрт сөндіру қызметі мен жерлеу бюроларының жұмыс тәртібі өзгертілді. Жылдар бойы қиналмас үшін қазір екі ай шыдай тұруымыз керек.

Дүкендердің жұмыс тәртібі халықтың наразылығын тудырды. Сауда орындары негізінен зейнеткерлерге қызмет көрсетеді. Қалғандары гипермаркеттердің жұмыс кестесін жаттауға мәжбүр. Азық-түлік дүкендері жабылған жоқ, бірақ күніне тек екі-үш сағат жұмыс істейді.

Карел Весёлый, сауда жүйесінің менеджері:

– Сағат таңғы жетіден тоғызға дейін дүкендерге тек жасы алпыс бестен асқан азаматтарымыз ғана бара алады. Сондай-ақ жасы елуден асқан мүгедектер мен оларды жетектейтін көмекшілері және әлеуметтік қызметкерлер осы уақытта кіре алады. Ал қалған уақытында күн тәртібін дүкендердің өздері белгілейді.

Үкімет жақын арада компанияларды құтқару саясатын жарияламақ. Пандемия кесірінен жабылуға мәжбүр болған фирмалардың қызметкерлеріне өтемақы төлеу қарастырылып отыр. Ал әлеуметтік желілерде дәрігерлер ұйқысыз, үзіліссіз жұмыс істеуден шаршағандықтары жазылған хабарлар тарауда.

Авторлары: Александр Грэс, Павел Невид

Хабар 24 телеарнасы