445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильдіктер биліктің қарттар үйін ауруханаға айналдыру шешіміне наразы

  • 65
  • UPD: 12:05, 26.03.2020

Израильде коронавирусқа байланысты карантин ережелері бекітілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді азық-түлік және дәрі-дәрмек сатып алу үшін ғана үйден шығуға рұқсат беріледі. Билік қарттар үйін босатып, оны вирусты жұқтырған науқастарды оқшаулайтын орынға айналдырмақ. Бұл шешім жергілікті жұрттың наразылығын тудырған. Қарсы тараптың пікірінше, биліктің бастамасы онсыз да осал топқа жататын қарттардың қауіпсіздігіне қатер тудырады.

Израиль билігі Пардес-Хана қалашығындағы қарттарды емдейтін орталықты тарату туралы шешім қабылдаған. Есесіне мұнда коронавирусты жұқтырған науқастарды оқшаулайтын орын болады. Алайда бұған қарсы қарт науқастардың туыстары ереуілге шыққан. Наразы топ маска киіп, қауіпсіз 2 метр қашықтықты ұстауға тырысқан. Маңайдан өтіп бара жатқан жүргізушілер дабыл қағып, оларға өз қолдауын білдірді.

Рита Тагер, гериатриялық орталықта емделіп жатқан науқастың қызы:

– Менің анамның осы жерде жатқанына екі жыл болды. Ол альцгеймер ауруына шалдыққан. Анамды үйге әкеткенімде, ол кісі жарты сағаттан кейін өзіне орын таппай, орталыққа кері қайтқысы келеді. Өйткені мұнда қарт кісілер үшін барлық жағдай жасалған.

Иә, расымен орталықта науқастарға керемет жағдай жасалған. Аумағы қоршалған. Яғни өзгелерден оқшауланған. Эпидемия жағдайында бұл қарт адамдар үшін аса маңызды. Оның үстіне қазір бөтен адамдарға орталық аумағына өтуге қатаң тыйым салынған.

Маня Тесменицки, гериатриялық орталықта емделіп жатқан науқас:

– Бұл жерде маған да, жағдайы ауыр науқастарға да жақсы күтім көрсетіледі. Біз өзімізді үйдегідей сезінеміз.

Енді міне, көпшілікке өз үйіндей болып кеткен орталық жабылайын деп жатыр. Ресми мәлімет бойынша жаппай эпидемия бола қалса, науқастар осында жеткізілуі тиіс. Алайда қарт кісілердің жақындарының айтуынша, елде қазір ондаған ірі қонақ үй қаңырап бос тұр. Олар коронавирусты жұқтырған науқастарды неге сонда жатқызбасқа дейді.  

Яков Энер, ереуілші:

– Менің әпкемнің жасы 89-да. Ол мұнда 2002 жылдан бері тұрады. Әпкем бұл жерді өз үйі санайды. Оның шағын бақшасы бар. Қалаған уақытында сонда шыға алады. Ал билік орталыққа коронавирусты жұқтырған науқастарды жатқызып, қарттарды көпқабатты ғимаратқа жайғастырмақшы. Сонда ол кісілер сыртқа шығу тұрмақ, қозғала алмай қалмай ма. Ақылға қонбайтын идеяны кім ойлап тапты екен?

Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің айтар бір ғана уәжі бар. Олар мұның бәрі вируспен күрес аясында қабылданған шара екенін айтып, басқа ресурстар жоқ дейді. Ал қонақүйлер жекеменшік көрінеді. Яғни олармен келісу оңай шаруа емес. Қарттар үйі болса, мемлекеттік нысанға жатады. Алайда бұл дәйекпен науқастардың жақындары келісер емес. Өйткені егде жастағы кісілерді көшіру салдарынан олардың аурулары асқынып, денсаулығы нашарлап кетуі мүмкін. Мәселен, Альцгеймер ауруына шалдыққан науқастар үшін тұрғылықты орнын ауыстыру қарсы көрсетілім саналады. Одан бөлек ереуілшілер көшіру кезінде қарттардың коронавирусты жұқтырып алмайтынына кім кепіл деп отыр.  

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы