435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ДДСҰ әлем елдерін карантин талаптарын бұлжытпай орындауға шақырды

  • 92
  • UPD: 22:38, 26.03.2020

Коронавирусқа байланысты әлемнің әрбір төртінші тұрғыны карантинде. Түрлі елде төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат енгізіліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, шектеу шараларын елемей жатқандар да аз емес. Осы ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері әлем елдерін карантин талаптарын бұлжытпай орындауға шақырды. Айтуларынша, қоғамнан оқшаулану арқылы ғана коронавирусты жеңіп шығуға болады.

Диктор:

- Карантинді бұзып жатқандар кімдер сонда, бұл қай елдің тұрғындары?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Вирустың ушыққанына қарамастан италиялықтардың өздері шектеу шараларын елемей жатқанға ұқсайды.

Коронавирустан кісі өлімі ең көп тіркелген ел – Италия. Мұнда індеттен 7,5 мыңнан аса адам көз жұмған. Мәйіттердің көптігіне байланысты крематорий марқұмдардың денесін қабылдап үлгермей жатыр. Ондағы пештер күні-түні жұмыс істейді. Оның өзі де жеткіліксіз. Крематорийдегі орын тапшылығынан италиялықтар мәйіттерді уақытша шіркеуде ұстауға мәжбүр. Қауіптің осылай күн санап күшейіп бара жатқанына қарамастан, мұнда карантинді бұзып жатқандар табылды. Осы ретте билік ортақ тәртіпті елемегендер үшін айыппұл мөлшерін арттыратын болды. Бұған дейін ережені бұзғандар 206 еуро төлейтін. Енді бұл сома 400 еуродан 3 мың еуроға дейін жетуі мүмкін. Ірі көлемдегі айыппұлға қарамастан, көшеде жүргендер баршылық. Сондықтан Италиядағы қалалардың басшылары тәртіп бұзушылармен күреске өздері кіріскен. Мәселен, Бари шаһарының мэрі көшеге шығып, жағдайды өзі қадағалады.  

Антонио Декаро, Бари қаласының мэрі

Үйіңізге барыңыз! Маған олай қараймай-ақ қойыңыз. Бұйрыққа неге бағынбайсыздар? Айтқанымды орнадамасаңыздар, полицейлер келіп, күш қолдануға мәжбүр болады.

Италияның өзге қалаларының басшылары да эмоционалды бейнежазба түсіріп, оны ғаламторда жария еткен. Соларды тыңдап көрейік.

Винченцо Де Лука, Кампания өңірінің басшысы

Кейбіреулер түлектер кешін өткізгелі жатыр деген ақпарат келіп түсті. Ондайды 4-5 айға кейінге шегеруге тура келеді. Тыңдамайды екенсіздер, онда полицейлердің қолына отшашқыш қаруды ұстатып, сіздерге жібереміз.

Антонио Тутоло, Лучера қаласының мэрі:

Ессіз шаштараздар не істеп жатыр. Үй-үйге жүргендері несі олардың? Сіз вирустан көз жұмсаңыз, табытыңыз жабық тұрады. Сіздің әдемі шашыңызды кім көреді? Ол шашатараздар үйіңізге сұлулық әкелмейді, керісінше, коронавирус тасиды. Неге соны түсінбейсіздер?

Джузеппе Фалькомата, Реджо-Ди-Калабрия қаласының мэрі:

- Мен көшеде жүгіріп жүрген тұрғынды көріп қалдым да, оны тоқтаттым. Жанындағы итінінің тілі салақтап кеткен. Оған «қарағым, сен кинода жүрген жоқсың, сен Уилл Смит емессің, ал бұл «Легенда» фильмі емес, сондықтан үйіңе қайт» дедім.

 

Үндістанда ескертуді елемегендерге күш қолданды 

Италиялық шенеуніктер осындай әсерлі бейнежазбалар жазып, халықты ақылға келуге шақырып жатса, Үндістан полицейлері ескертуге құлақ аспағандарға күш қолданған.

Бұған дейін Үндістанда коронавирустың таралуына байланысты карантин режимі енгізілді. Тұрғындар 3 апта бойы өз үйлерінде оқшаулану керек. Елдің ірі шаһарларында ойын-сауық орталықтары, өнеркәсіп орындары мен көптеген кеңселер жабылды. Метро мен халықаралық автобустар да уақытша жұмысын тоқтатты. Соған қарамастан, Нью-Дели халқы азаматтық туралы жаңа заңға қарсы ереуілге шыққан. Билік оларға үйлеріне қайтуға бұйрық берген. Алайда, жиылған жұрт ескертеуді елемесе керек. Сондықтан полицейлер оларды таяқпен ұрып, тіпті жаттығулар орындауға мәжбүрлеген.

 

Кубада туристер қонақ үйден шыға алмай қалды

Ал, Куба билігі коронавирустың тез таралуына тосқауыл қою үшін карантин шарасы ретінде туристерге қонақ үйден шығуға тыйым салды. Қазір аралда 32 мыңнан аса демалушы бар. Енді олар мейманханадан шыға алмайды. Экскурсия ұйымдастыруға тыйым салынған. Билік жергілікті тұрғындарға көшеде жүрген шетелдікті көрсе, бірден полицияға хабарлауға нұсқау берді. Елдің экономикасы туризмнен түскен табысқа тәуелді. Алайда, соған қарамастан, билік осындай шара қабылдауға мәжүр болған. Себебі елде вирусты жұқтырғандардың дені шетелдік саяхатшылар. Биліктің туристерге қатысты қабылдаған шарасы жайлы тұрғындар не дейді? Тыңдап көрейік.

Блиц 1:

Дұрыс болды. Негізі, баяғыдан-ақ осылай істеу керек еді.

Блиц 2:

- Бұл шара тек туристерге ғана емес, жергілікті тұрғындарға да қолданылуы тиіс. Халық көшеде себепсіз жүруін тоқтату керек.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Жалпы қауіптің өршуіне байланысты түрлі елде каратинді бұзғандар үшін жаза қатаңдатылып жатыр. Мәселен, бұған дейін Ресейде Мемлекеттік думаның қарауына заң жобасы ұсынылды. Құжатқа сәйкес, карантинді бұзғандарға 2 миллион рубльге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ жаза ретінде кәсібімен айналысу құқығынан айырылып, 7 жылға дейін сотталу да қарастырылған. Грекияда көшеде жүрген тұрғындардың қолында сыртқа шығу мақсаты туралы арыз болуы керек. Әйтпесе, 150 еуро төлеуге тура келеді. Ал, Канадада шектеу шараларына қарамастан, кәсіпорындар қызметін жалғастыратын болса, олардың иесіне айыппұл салынады. Олар кем дегенде 35 мың доллар төлейді. Испанияда тек азық-түлік дүкені, дәріхана не жұмысқа бару үшін ғана үйден шығуға болады. Мұны полицейлер жіті қадағалауда. Соның өзінде де ережені бұзған мыңға жуық адам ұсталған. Тағы 100 мың адамға ескерту жасалды. Осы ретте желіде каратинді бұзған Каталония тұрғынының оқиғасы қызу талқыланып жатыр. Әйел ғаламтор арқылы ер адаммен танысып, онымен кездесуге бару үшін каратинді бұзған. Алайда, көшеде оны полицейлер қолға түсірген. Бұл ретте сарапшылар барша жұртқа үйде отырудың маңыздылығын тағы да еске салып отыр.

 

Хабар 24 телеарнасы