427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбекстанда коронавирусқа байланысты бес күннің ішінде аурухана салынбақ

  • 733
  • UPD: 22:42, 26.03.2020

Өзбекстанда коронавирусқа байланысты бірнеше аурухана мен карантиндік аймақтар салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашқысын 5 күннің ішінде тапсыру жоспарланып отыр. Қазір көрші мемлекетте қауіпті вирусты 65 адам жұқтырғанын айта кету керек. Оның төртеуі ауыр халде жатыр.

Жасын Біркенов, тілші:

Коронавирусқа байланысты ауруханалар Ташкент, Әндіжан, Навои, Сұрхандария облыстарында бой көтереді. Құрылыс барысында қытайлықтардың тәжірибесі пайдаланылмақ. Бірақ шығыстағы көрші мұндай медициналық мекемелерді 10 күнде салса, өзбектер алғашқы госпитальді 5 күннің ішінде аяқтауға дәмелі. Мұнда қауіпті індетті жұқтырғандар ғана жатпайды. Денсаулық ошақтары карантинге жатқызылатын азаматтар үшін де шақталған. Алайда, қос корпустың ара қашықтығы әжептәуір алшақ. Олар екі бөлек ауданда орналасқан. Карантиндік аймақ пен аурухананың әрқайсысы бір мезгілде 10 мың науқасты қабылдай алады. Бұл жерде әр адамға жеке контейнерлер тұрғызылады.

Ішінде ем қабылдайтын бөлмесі бар. Теледидар мен кондиционерді де ұмытпаған. Мұнда жасалған жағдай Құрылыс министрлігінің өкілі былай дейді.

Жамшид Уташев, Өзбекстан құрылыс министрлігі МСҚБ инспекциясының маманы:

Карантиндік аймақты біз бес күнде тапсырамыз. Бұл жерде арнайы контейнерлер орнатылады. Олар Өзбекстанда жасалған дайын контейнерлер. Енді бұларды осы жерге әкеліп қою ғана қалды. Бөлмелердің ішінде душ, кондиционер, теледидар бар. Сайып келгенде, адамға қажетті барлық жағдай жасалған. Ал медициналық қызметкерлер үшін бөлек корпус әзірленіп жатыр.

Жасын Біркенов, тілші:

Ал Ташкентте коронавируспен күресу үшін үш заманауи мамандандырылған медициналық мекеме тұрғызылады. Солардың бірі қазір менің артымда салынып жатыр. Бас шаһардағы ауруханалар 500 орынға шақталған.

Бүгінде Өзбекстанда 20 мыңнан астам адам карантинде жатқанын айта кетейін. Қазіргі таңда ала шапандылар вирустың таралмауы үшін қатаң шараларды қолға алды. Атап айтсақ, көшеге бетпердесіз шығуға тыйым салынды. Ережені елемегендер кешеден бері әкімшілік жауапқа тартылып жатыр. Айыппұл көлемі біздің валютамен 10 мың теңге шамасында. Екі күн бұрын адамдардың Ташкентке кіріп-шығуына шектеу қойылса, бүгін Наманган мен Әндіжан қалалары да жабылды.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы