418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропа коронавирусқа тосқауыл қоя алмай отыр

  • 374
  • UPD: 08:43, 29.03.2020

Қытайдан кейін індеттің негізгі ошағына айналған Еуропада вирус күн сайын күшеюде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Италия мен Испанияда дерттен көз жұмғандар саны тәулік сайын артып жатыр. Кәрі құрлық мемлекеттерінің қолға алған шаралары әлі оң нәтиже көрсетпеді.

Еуропада вирусқа шалдыққандар мен қайтыс болғандардың басым бөлігі Италияда. Апеннин түбегінде осы дерттен күніне жүздеген адам жан тапсырады. Вирус жұқтырғандар да мыңдап саналады. Коронавирустан көз жұмған дәрігерлер де көбейді. Қазір 6 мыңнан астам маман дертке шалдыққан. Індет елдің денсаулық саласына үлкен сын болып тұр.

Морено Тресольди, Миландағы Сан-Рафаэль ауруханасының дәрігері:

– Тосыннан келген індет мұншалықты жұқпалы әрі ұзаққа созылады деп кім ойлаған. Ауруханаларға көп ауыртпалық түсті. Бірақ тұрғындар қатаң шараларды бұлжытпай орындаса, дертті жеңіп шығамыз деп сенемін. 

Ал Испанияда науқастар санының артқаны соншалық, ауруханаларда бос орын жоқ. Медицина қызметкерлері де жетіспейді. Елде медициналық бетперде, қолғап пен өзге де жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар тапшы. Мәселені шешу үшін үкімет күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Керек тауардың көбін Қытайдан сатып алып жатыр.

Луис Диас Искьердо, дәрігер:

– Теледидардан елде медициналық құрал-жабдық жеткілікті дегенді естігенде таң қаламын. Жұмысқа келсек, мүлдем басқа жағдайды байқаймыз. Бұған әріптестерім де куә. Үкімет бәрі жақсы, жеткілікті деп сендіреді. Егер олар елде коронавирусты анықтайтын 300 мыңға жуық тест бар десе, оларды мамандар қолдану керек қой.

Италия мен Испаниядан бөлек Германия, Франция, Ұлыбританияда да жұқтыру дерегі көптеп тіркелуде. Германия Оңтүстік Корея сияқты жаппай тестілеуді қолға алмақ. Жергілікті билік апта сайын 500 мың тексеріс жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл – әлемде ең жоғарғы көрсеткіш.

Авторы: Дәурен Ақашұлы

Хабар 24 телеарнасы