411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейқамдық танытпауларыңызды сұраймын – Италиядағы қазақ студенті

  • 457
  • UPD: 11:26, 29.03.2020
Бейқамдық танытпауларыңызды сұраймын – Италиядағы қазақ студенті

Италияда жағдай мәз емес. Коронавирустан күні бүгінге дейін қаза тапқандардың дені 10 мыңнан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір вирус жұқтырған 70 мың науқастың 4 мыңға жуығы ауыр халде жатыр. Мамандар елде вирус тасымалдаушы тағы мыңдаған адам болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан індет жұқтырғандардың саны жақын арада бірнеше есе артуы мүмкін деп топшылайды.

Айта кетейік, қазір Италия билігі аймақта вирустың таралуын тежеуге қауқарсыз болып отыр. Өңірде дәрігерлер мен медициналық құрал-жабдықтар тапшы. Мәйітханалар мен крематорийлерде орын жоқ. Италияда жүрген отандастарымыздың бірінен аймақтағы жағдайды білу үшін сұхбат алдық. Апеннин түбегінде білім алып жүрген қазақстандық студент Абай Батыров қазақ елін карантин тәртібін қатаң сақтауға шақырып отыр.

Абай Батыров, студент:

– Мұндағы ахуалды айтар болсам, жағдай өте қиын. Коронавирус дерті ел аумағы бойынша лезде тарап кеткен. Ал ауруханалардағы көрініс тіпті қорқынышты. Науқастарды қабылдайтын бос орын жоқ. Енді бұл аты жаман аурудың еліме де жеткенін естіп отырмыз. Осы орайда қазақ елін дер кезінде сақтық шаралардың барлығын бірауыздан қолдап, барынша сақтануға шақырамын. Карантиннің маңыздылығын түсініп, бейқамдық танытпауларыңызды сұраймын. Италиядағы жағдайды өз көзіммен көргеннен кейін өтінемін, бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қараңыздар! Биліктің талаптарына құлақ асып, уақытша қиыншылықты аман-есен еңсеру үшін үйде отыру арқылы дәрігерлерге қолдау көрсетейік. Аман сау болыңыздар!

Хабар 24 телеарнасы