418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украина мен Польша шекарасында жағдай қиындады

  • 447
  • UPD: 14:28, 29.03.2020

Украинада мемлекеттік шекаралар толығымен жабылып, жолаушылар тасымалына тыйым салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық әуе рейстері, пойыз бен автобустар тоқтатылды. Өткізу бекеттерінен тек жүк көліктері ғана өтіп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, бұл елде 356 адам коронавирус жұқтырған, 9 адам ажал құшты.

12 наурыздан бүгінгі күнге дейін шет елден Украинаның 109 мың 448 азаматы еліне оралып үлгерген. Жырақта жүрген тағы 9 мың азамат туған жеріне қайтуға ниет білдірген. Әуе бағыты бойынша тек бір тәулікте 5 мыңнан астам Украина азаматы 30 әуе рейсі арқылы еліне қонып үлгерген екен. Украина билігі толығымен жолаушылар тасымалына тыйым салатын шешім қабылдап, шекараны жапқанмен азаматтар жаяу болса да, елге ағылуын азайтпай тұр.

Александр Кава, Украина инфрақұрылым министрінің экс орынбасары, көлік саласының маманы:

– 28 наурыз күні сағат түнгі 12 ден бастап Украина мемлекеттік шекарасын толығымен жабады. Жүк тасымалына жол ашық. Ал адамдар елге жаяу және өзінің жеке көлігімен ғана кіре алады. Қазіргі уақытта ел шекарасындағы жағдай қиындап тұр. Кезек көп, сондықтан мемлекет қосымша темір жол вагондарын ұйымдастыруы мүмкін.

Әсіресе Украина мен Польша шекарасы арасындағы өткізу бекеттерінде жағдай қиындай түскен. Жаяу келген адамды өткізіп, олардың барлығына дерлік медициналық экспресс тест жасау да мүмкін болмай тұрғанын мойындайды мамандар.

Александр Кава, Украина инфрақұрылым министрінің экс орынбасары, көлік саласының маманы:

– Украина мен Польша арасындағы шекара жағдайы алаңдатады. Онда кезек өте көп. Польшада 3 млн-ға жуық Украина азаматы жұмыс жасайды деген ақпарат бар. Оның 1 млн 200 мыңы ұзақ мерзімді келісім бойынша қызметке орналасқан. Тағы сондай адам қысқа мерзімді келісім бойынша жұмысқа тұрған. Енді міне, көптеген украиналық карантинге байланысты туған жеріне оралуды ұйғарған.

Украина билігі мен қоғамы Италия, Испания, Германия және Бельгия еліндегі коронавирусқа қатысты қиын жағдай бізде де қайталануы мүмкін деп қауіптенеді. Мұндай жағдайда 2 мыңға жуық жұқпалы аурулар жөніндегі маман және 5 мың медбике жұмыс жасауға әзірлігін жеткізген. Сондай ақ ел үкіметі ауруды жылдам анықтайтын 200 мың тест және 10 млн бетпердені осы аптада Украинаға жеткізетін болады. Бұл туралы ел президенті Владимир Зеленский 26 наурыз күнгі халыққа үндеуінде мәлімдеді.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы