399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытай вирус қайта өршімес үшін шетел азаматтарына елге кіруге шектеу қойды

  • 260
  • UPD: 11:08, 30.03.2020

Қытайда өткен тәулікте 31 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Оның 30-ы шетелдерден келген. Жалпы мұндай жағдайдың 700-дей дерегі тіркелген. Ауырғандардың басым көпшілігі Бейжіңде. 160-тан астам адам инфекция жұқтырған.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

– Қытай коронавирусқа қарсы күресті әлі жалғастырып жатыр. Яғни, қазір ел билігі індеттің қайта өршуіне жол бермеудің амалына кіріскен. Сондықтан ел аумағында тіркелген әрбір вирус жұқтыру деректері жіті бақылауда. Ал шетелден келгендерге қатаң сақтық шаралары қолданылуда. Яғни өзге елден келген Қытай азаматы бірден карантинге алынады. Ол үшін арнайы қонақ үй де қарастырылған. Ал шетел азаматтарына келер болсақ, Қытай билігі олардың елге кіруіне уақытша шектеу қойды. Сондай-ақ, халықаралық рейстер санын қысқартты. Ал транзиттік жолаушылар ағынын азайту мақсатында Гонконг, Макао және Тайвань әуежайлары қызметін тоқтатты.

Соңғы тәулікте ел бойынша вирус жұқтырудың бір дерегі анықталды. Ол Ганьсу провинциясында тіркелді. Жергілікті журналистердің хабарлауынша, науқас Хубэй провинциясынан келген.

Жалпы, қазіргі уақытта ел азаматтары «ауру белгілері байқалмайтын науқастарға» қатысты қатты алаңдап отыр. Мамандардың сөзінше, науқаста және онымен тығыз байланыста болған азаматтарда ауру белгілері 2 аптадай білінбейтін көрінеді. Инфекция тек арнайы тексеруден өткеннен кейін ғана анықталады-мыс. Әзірге мұндай науқастың нақты саны белгісіз. «Бірақ олардың саны аз», – дейді мамандар.

Чжун Наньшань, пульманолог:

– Қазір Қытайдың өзге қалалары мен провинцияларында өлім көрсеткіші 0,9-1 процентті құрайды. Сондықтан ауру белгілері байқалмайтын науқастар өте аз дер едім. Мұндай азаматтар вирусты өзгелерге жұқтырып, дертке шалдығу көрсеткішін одан сайын нашарлата түсуі мүмкін. Дегенмен, қазір бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Кей өңірлерде тіпті нөлге жақындаған. Сол себепті бұл аса күрделі мәселе емес дер едім.

Хабар 24 телеарнасы