411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда жеке көлікпен жүруге тыйым салынды

  • 378
  • UPD: 23:41, 30.03.2020

Өзбекстанның қалаларында бүгіннен бастап жеке көлікпен жүруге тыйым салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір бұл елде індет жұқтырғандар саны 149-ға жетті. Соның жетеуі сауығып шықса, екеуі қайтыс болған.

Бүгіннен бастап Ташкент, Нүкіс қалалары мен басқа да облыс орталықтарында азаматтардың жеке көліктерімен жүруіне шектеу қойылды. Шаһар ішінде қатынау үшін жергілікті биліктен арнайы рұқсат алу керек. Оның өзі бұл – екінің біріне беріле бермейтін құжат. Мұндай рұқсат қағазы дипломаттарға, әкімдер мен олардың орынбасарларына, құқық қорғау органдарына, жолаушыларды тасымалдауға арналған лицензиясы бар такси жүргізушілеріне, санитарлық-гигиеналық құралдарын шығаратын өндіріс ошақтарына, коммуналдық қызмет көрсететін ұйымдарға, азық-түлік пен дәрі-дәрмек саудасымен және тамақты үйге жеткізумен айналысатын компанияларға ғана беріледі. Қалада жүруге болатын көлік құралдарына арнайы стикер жабыстырылады. Бұл шектеу сәуір айының 20-ына дейін жалғасады. Ережені елемегендерге 700 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынады. Өзбектер үшін 700 доллар – өте қомақты қаражат. Сондықтан карантин режимін сақтауға тура келеді. Негізі жергілікті билік халқын аты жаман аурудан аман алып қалу үшін қатаң сақтық шараларын қолға алып отыр. Мысалы, екі күн бұрын жергілікті билік азаматтарға үйлерінен шығуға тыйым салды. Тұрғындарға тек дәріханалар мен дүкендерге баруға рұқсат. Оның өзі көшеде бетпердесіз жүруге болмайды. Әйтпесе тәртіп сақшылары әкімшілік жауапқа тартады. Ережені елемегендер 120 доллар көлемінде айыппұл төлейді. Ал коронавирус белгілері барын жасырған әрі көшеде ауру күйінде жүріп, адамдарға қауіп төндірген азаматтар бұдан да қатаң жауапқа тартылады. Дәлірек айтқанда, өзгелерді қауіпті індетпен жұқтырғандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Үкімет жалған ақпарат таратқаны үшін де қылмыстық жаза қарастырылғанын ескертеді. Заңды елемегендер 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ғажап емес.

Авторы: Жасын Біркенов

Хабар 24 телеарнасы