411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік Кореяда коронавирустан айыққандар саны артып келеді

  • 220
  • UPD: 12:09, 31.03.2020

Оңтүстік Кореяда күн сайын коронавирустан айыққандар саны артып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан бері бұл елде 9,5 мыңнан астам азамат вирус жұқтырса, осы уақытқа дейін олардың жартысынан астамы дерттен жазылып шыққан. Десе де, Корея билігі осы бір індетті толықтай жеңе алар емес. Оған вирустың жаңа ошақтары кедергі болып тұр. Жалпы Таңғы шық еліндегі жағдай туралы қазір тілшіміз Владислав Цой телефон арқылы айтып беруге дайын.

Диктор:

- Сеул тұрғындары кеселден қалай қорғанып жатыр?

Владислав Цой, тілші:

- Қазір Кореяда коронавирусқа қарсы негізгі күрес Сеул мен оның төңірегіндегі қалаларда жүріп жатыр. Себебі, Корея халқының жартысына жуығы өмір сүретін бұл өңірде соңғы 2 күнде тіркелген науқастар саны Тэгу мен Солтүстік Кёнсан провинциясынан да асып түскен. Мәселен, 30 наурызда Сеул мен Инчон қалаларында және Кёнгидо провинциясында 31 адам ауру жұқтырса, Тэгу мен Солтүстік Кёнсанда 25 азамат вирус шырмауына түскен. Бұған қоса, Сеулде инфекцияның жаңа ошағы тіркеліп отыр. Ол Манмин деп аталатын протестант шіркеуі. Мұнда діни қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда 28 адам дертке шалдыққан.

Айта кетейік, аталған шіркеудегі діни қызмет 6 наурыздан бастап онлайн режимде атқарылып келеді. «Сондықтан инфекция жұқтыру дерегі қызметкерлердің уағыз түсіру үшін жиналған кезінде пайда болды» деген болжам айтылуда. Қазір шіркеу жабық. Билік өкілдері науқастармен байланыста болған азаматтарды тексеруге кіріскен. Жалпы, ел аумағында инфекция жұқтырғанға тоқталар болсақ, олардың басым бөлігі шетелден оралған кореялықтар. Бұған қоса, Сеулдің Каннам ауданында да жағдай мәз емес. Бұл ауданда 29 наурыз күні екі адам тіркелді. Науқастар шетелдік студенттер болып шықты.

Айта кетейік, 1 сәуірден бастап елге кіретін әрбір жолаушы 14 күндік карантинге алынады.

Блиц 1:

- Қазіргі таңда шет елдерден оралған кореялықтар 14 күндік карантинге жіберілуде. Ал диагнозы расталған азаматтар бірден ауруханаға жөнелтіліп жатыр. Өз кезегінде шетелдіктердің елге кіруіне қатысты шектеулерге келер болсақ, бұл мәселеде тұрғындар мен билік өкілдерінің ұстанымы екі түрлі. Ал, жалпы алғанда, ел үкіметі сақтық шараларын толыққанды қамтамасыз етіп отыр.

Блиц 2:

- Менің иелігімде шағын сұлулық салоны бар. Елдегі ахуалға байланысты келушілер саны бұрынғыдай емес. Әзірге індет салдары байқалғанымен, уақыт өте тұрғындардың жағдайы қиындай түседі деп ойлаймын. Осыған байланысты ел үкіметі уәдесінде тұрып, шығындарды өтеп беретініне сенеміз.

Владислав Цой, тілші:

Қазір көшеде адам қарасы көбейе бастады. Ол Кореядағы шие және басқада жеміс-жидек ағаштарының гүлдеуімен байланысты. Дегенмен, бұрынғыдай туристер жоқ. Тек қана жергілікті тұрғындар мен осында жұмыс істейтін және оқып жатқан шетелдіктер. Бәрі дерлік бетпердемен жүр. Арасында «коронавирус ауа арқылы жұқпайды» деушілер де кездеседі. Айтпақшы, мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да растады. Қазір барлық мейрамханалар ашылды. Тек тұтынушылар аз. Қоғамдық көліктер де жұмыс жасап тұр. Онда да санитайзерлер орнатылған. Түнгі клубтар, шіркеулер мен спорт мекемелері қызметін тоқтатқан. Әзірше мектептер мен балабақшалар да жабық. Оқу мерзімі 6 сәуірге ауыстырылды. Дегенмен, олар мектепте емес, үйлерінде қашықтан оқитын сияқты. Білім министрлігі ол үшін онлайн сабақ өткізуге қамдануда. Тіпті аз қамтылған отбасының балаларына ноутбуктар сыйға берілді.

Хабар 24 телеарнасы