411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ билігі күрделі жағдайға қарамастан карантин жариялауға асығар емес

  • 282
  • UPD: 21:32, 31.03.2020

COVID-19 ды жұқтырғандар саны бойынша АҚШ тізімнің басында тұрса да федералдық деңгейде карантин жарияламады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Десе де 27 штатта шектеу шаралары енгізілген. Тыйым бойынша азаматтар сыртқа тек дәріхана, аурухана, азық-түлік үшін ғана шыға алады. Ал Қытай, Иран және Еуроодақ елдерінен келген тұрғындар медициналық бақылаудан өтіп, карантинде болуы тиіс. Заңға бағынбағандар 100 мың долларға дейін айыппұл қарастырылған. Одан қалса бір жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл орайда Лос-Анджелесте білім алып жатқан жерлесіміз, танымал жүргізуші Гүлмира Дайрабаева не дейді екен?

Гүлмира Дайрабаева, тележүргізуші:

– Біз карантиндеміз. 14 наурыз күні бірінші рет жарияланды. 16 наурыздан бастап үйдеміз. Онлайн курспен сабақ оқып отырмыз. Бұл – ұлт саулығын сақтау үшін жасалып отырған шара. Сондықтан сіздерде бұл шараларды сақтауларыңызды сұраймын. Америкада азық-түлікке, аурухана, дәріхана үшін ғана сыртқа шығуға рұқсат етілген. Шыққаның өзінде соңғы қаулыға сай, адамдар арасында қашықтық 6 метр болу керек. Бұл ережені сақтау міндеттелген. Америкалықтар – әрбір заңды орындайтын халық. Сондықтан сіздерге де соны айтар едім. Карантин кезінде үйде отырып, сақтаныңыздар.

Айта кетейік, қазір Америкада кеселден 3170 адам көз жұмды. Инфекция жұқтырғандар саны 165 мың.

Қытайда тәртіпке бағынбағандардың алды өлім жазасына кесіледі

Карантин шараларын орындамағандар үшін ең қатал жаза Қытайда. Өзінің вирусты жұқтырғанын біле тұра, қоғамдық орындарда жүрген адам өлім жазасына кесіледі. Жалпы, COVID-19 ға қатысты Қытай билігі 21 қылмыстың түрін айқындап көрсетті. Оның қатарында: карантин кезінде үйден шығу, ем-дом шараларынан бас тарту, шет елден келген соң оқшауланбау да бар. Бұл қылмыстар үшін азаматтар өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Осындай қатаң шектеулер нәтижесінде эпидемия ошағы болған Уханьда 8 сәуір күні карантин аяқталады. 25 наурыздан бастап, елді мекендер арасында жүріп-тұруға рұқсат.

Үндістанда бейсауат жүргендерді тәртіп сақшылары таяқтайды

Ал Үндістанда бейсауат үйден шыққандарды тәртіп сақшылары таяқтауға дейін барады. Айыппұл мөлшері 10 мың рупи. Бұл шамамен, 133 АҚШ доллары. Сондай-ақ, сот жаза басқандарды 3 жылға дейін бас бостандығынан да айыруы мүмкін.

1 млрд 300 миллион тұрғыны бар мемлекетте қазір мыңнан астам тұрғын вирус жұқтырған. Билік енді пойыз вагондарынан ауруларды оқшаулайтын орын дайындамақ. Ал шығыстағы Батыс Бенгалияда жеті тұрғын тал басына үй салып, өздері оқшауланып отыр. Жақында ғана оңтүстіктегі Ченнаи қаласынан келгендерге, дәрігер осындай тапсырма беріпті. Үй тар болған соң, ағаш басына қонақтаудан басқа амал қалмады дейді тұрғындар.  

Үнді жұртының үрейленетін себебі бар. Халқы тым көп. Экономикалық жағдайы көңіл көншітпейді. Сондықтан емге қаражаттың жетпесі анық. Сол себепті тәртіп сақшылары көшеге жан баласын шығармауға тырысады. Солардың бірі, көше бойында топтасып тұратын жалдамалы жұмысшылар. Ескертуге құлақ аспаған оларды полицейлер тұрған жерінде жаппай зарарсыздандырып жатыр. Ал осы Үндістанның тағы бір өңіріндегі тәртіп сақшылары коронавирус үлгісінде бас киім киіп алған. Олар тұрғындарға үйден шықпауды ескертіп жүр.

Италияда карантин кезінде үйден шыққандар түрмеге қамалады

Қауіпті кесел әсіресе, Еуропаны жайлап барады. Вирустан ең қатты зардап шеккен Италияда карантиннің қатаң түрі жарияланды. Шектеу тәртібін бұзғандар 400 бен 3000 еуро аралғында айыппұл төлейді. Ал үйде отырмай қала кезгендер вирус жұқтырса бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бүгінде тұрғындарды бақылауда ұстау үшін қаржы полициясы тікұшақ пен дрондарды іске қосқан.

Никола Мурри, командир:

– Қазіргі таңда азаматтарды тікұшақпен бақылауда ұстап отырмыз. Адам көп жиналған жерді бірден анықтап, орталық штабқа хабарлаймыз. Ары қарай заң бұзғандар жазаланады. Тұрғындар карантинге аса жауапкершілікпен қарауы керек.

Колумбияда ұлттық полиция табыт жүктеген көлікпен қала көшелерін аралады

Бұл – карантинге құлақ аспай көшеде жүрген халыққа ескерту. Индонезиялық дәрігерлер болса дауыс күшейткіш құралдар арқылы жұртты үйде отыруға үгіттеп әлек.

Иә, сақтансаң сақтаймын деген. Әлемде болып жатқан жағдайларға қарап, қазақ халқы да үйде отырудың маңызды әрі жауапты іс екенін түсінер деп сенеміз. Сондықтан, себепсіз сыртқа шықпай сіз де «Үйде қалыңыз».

 

Хабар 24 телеарнасы