420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Беларусь – оқушыларын карантинге жібермеген Еуропадағы жалғыз ел

  • 387
  • UPD: 11:18, 01.04.2020

Беларусьте жүз елуден аса адам коронавирусты жұқтырғаны белгілі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал таяуда бұл аурудан алғашқы науқас – белгілі актёр Виктор Дашкевич қайтыс болды. Алайда елде әлі күнге дейін ірі спорт жарыстары өтіп жатыр. Мектептер мен жоғары оқу орындары да жабылған жоқ. Жуырда Александр Лукашенко кезекті рет коронавируске байланысты жағдайды бос дақпырт деп атап, ел тұрғындарын үйлерінде босқа отырмауға шақырды.

Беларусьте коронавирустан әйгілі актёр, 75 жастағы Виктор Дашкевич қайтыс болды. Ол өкпе қабыну диагнозымен 19 наурызда ауруханаға түсіп, 24 наурызда ағзасынан қауіпті вирус анықталған еді. Ал кеше Виктор Дашкевичтің дүниеден озғаны белгілі болды.

Александр Лукашенко, Беларусь республикасының президенті:

– Трамп формуласын білесіздер. Егер жұмысты дереу тоқтатсақ, коронавирустан гөрі адам аштан көп өледі деді, оның шындықты айтқаны маған ұнады.

Беларусь – оқушыларын карантинге жібермеген Еуропадағы жалғыз ел. Ондаған студент бұған қарсы шығып, деканаттарынан тиісті бұйрық шығаруды талап етті. Алайда бейресми ақпарат бойынша, карантин жариялаудың орнына сабағын жіберген студенттерді оқудан шығаратын түрі бар.

Надежда Шелепова, зейнеткер:

– Бізде футбол және хоккейден жарыстар өтіп жатқанын білемін. Жұртты оқшауландыру керек, өйткені өзгелерден бөлек бір ғаламда тұрып жатқан жоқпыз ғой.

Әлем бойынша футболдан ел біріншілігі тек Беларусьте өтіп жатыр. Сондай-ақ ел аумағындағы ондаған полигонда бір мезгілде әскери жаттығу басталып кетті. Оған жеті мыңнан аса сарбаз қатысып отыр. Ал алда жауынгерлерді одан да ауқымды шара күтеді.

Виктор Хренин, Беларусь республикасының қорғаныс министрі:

– Жеңістің 75 жылдығына арналған парадқа дайындық жүріп жатқанын Президентке жеткіздім. Бүгінде қарулы күштерімізде коронавирусты жұқтыру дерегі тіркелген жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елде 152 адам коронавирусты жұқтырған. Арасында қаншасы ауыр хәлде екені туралы ресми ақпарат жоқ. Сондықтан мыңдаған беларусь Трамп пен Лукашенко формуласына құлақ аспай, үйлерінен шықпауға бел буды. Жүздеген компания өз бетімен қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауысты.

Авторлары: Дмитрий Лукша, Константин Никаноров

Хабар 24 телеарнасы