419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бірқатар елде күлкі күніне орай коронавирусқа байланысты әзіл айтуға тыйым салынды

  • 1054
  • UPD: 23:44, 01.04.2020

1 сәуір – күлкі күніне орай коронавирусқа байланысты әзіл айтқандар бас бостандығынан айырылады.

Жоқ, бұл қалжың емес. Бұл – Таиланд Бас прокуратурасының мәлімдемесі. Үндістан мен Германия билігі де ойыннан от шықпас үшін өз азаматтарын мұндайдан аулақ болуға шақырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таиландта соңғы тәулікте коронавирусты 120 адам жұқтырған. Сөйтіп, елде 1800-ге жуық дерек расталып отыр. 12 адам көз жұмған. Корольдікте төтенше жағдай тәртібі енгізілді. Жағдай күн санап ушығып жатқанда, билік орынсыз қалжыңға жол бермеуге шақырды. Сондықтан күлкі күніне орай әзіл ойлап тауып, оны таратқандар айыппұл төлейді. Оның мөлшері – 40 мың бат, яғни шамамен 550 мың теңге. Не болмаса «қалжыңбастардың» сотталуы да ғажап емес.

Графика:

Назар аударыңыздар! Төтенше жағдай кезінде 1 сәуір күлкі күніне орай ғаламтор не бұқаралық ақпарат құралдары арқылы коронавирусқа қатысты әзіл не жалған мәлімет таратқандар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Немесе 40 мың бат айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Тиісті ескерту Үндістан халқына да жасалды. Атап айтқанда, Махараштра штатының киберқауіпсіздік басқармасы «әзілқойлардың» жауапқа тартылатынын жеткізді. Осы ретте билік жалған ақпарат таратып, қоғамда дүрбелең туғызбауға шақырды. Германияның денсаулық сақтау министрлігі де 1 сәуірде әлемді жайлаған вирусқа қатысты қалжыңнан аулақ болу керектігін ескертті.

Өзге елдер осындай ескертумен шектеліп жатса, Ресей билігі «әзілкештермен» күреске мықтап кірісіп кетті. Мәселен, сот әлеуметтік желіде коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан Магнитогорск қаласының тұрғынына 30 мың рубль айыппұл салды. 1985 жылы дүниеге келген азамат жазбалардың бірінің астына вирус кесірінен қаладан шыға алмай отырғанын жазып, өтірік айтқан. Көп ұзамай, ол шындыққа ұласпайтын ақпараты үшін жауапқа тартылды.

Графика:

- Ер адамға қатысты РФ Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі Кодексінің 13.15-бабының 9-бөлігі бойынша («Бұқаралық ақпарат бостандығын асыра пайдалану») әкімшілік хаттама толтырылды. Тексеру материалдары Магнитогорск қаласының сотына жіберілген. Сот ер адамға 30 мың рубль көлемінде айыппұл салды.

Бұған дейін Ресей Федерациясының Бугульма қаласының тұрғыны да науқастар жайлы жалған ақпарат таратқаны үшін дәл осындай мөлшерде айыппұл төлеуге міндеттелген. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін кеше ғана Мемлекеттік дума коронавирус жайлы фейк таратқандарға қарастырылған әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды құптап, дауыс берді. Сөйтіп, айыппұл мөлшері бір жарым миллион рубльден 10 миллионға дейін артты. Одан бөлек, жалған ақпарат кесірінен ауыр жағдай туындаса не кісі өлсе, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

30 жастағы британдық боксшы Билли Джо Сандерс әлеуметтік желідегі парақшасында әзіл жариялаймын деп, басы бәлеге қалды. Ол карантин кезінде шыдамы таусылған ер адамдарға әйелдерін қалай ұруға болатыны жайлы айтып, қалжыңдаған.

Алайда, әзілі өтпей қалғаннан кейін ол кешірім сұрады. Алайда, британдық боскшылар кеңесі спортышының лицензиясын уақытша тоқтатты. 

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы