420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда індетпен күресте салғырттық танытқан шенеуніктер қызметтен босатылды

  • 406
  • UPD: 08:54, 02.04.2020

Қырғызстан Үкіметі төрағасының орынбасары Алтынай Омурбекова және денсаулық сақтау министрі Космосбек Чолпонбаев қызметтерінен босатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қауіпсіздік Кеңесінің төтенше отырысында президент Сооранбай Жэенбеков елде коронавирус індетінің таралуына қарсы олардың атқарған жұмысын қатал сынға алды.

Қытайда індеттің алғашқы дерегі тіркелгенде Үкімет төрағасының орынбасары Алтынай Омурбекова коронавируске байланысты ахуалды бақылау штабында жетекшілік етті. Республикалық штаб құрамына денсаулық сақтау министрі Космосбек Чолпонбаев та кірген. Олар  жағдайды бақылап күн сайын халық алдында есеп бергенмен, елде індеттің таралуына тосқауыл қоя алған жоқ. Бүгінде Қырғызстанда «Ковид-19» вирусын жұқтырудың 111 дерегі тіркелді. Ел президентінің пікірінше, бұл жағдайға осы шенділер де жауапты.

Сооранбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының президенті:

– Бізді қиын кезең күтіп тұрғанын және коронавируспен күресу үшін барлық тиісті шаралар қабылдау керектігін сіздерге қаңтар айының соңында ескерткенмін. Ауруды жұқтырғандарды анықтау үшін бүкіл реагенттерді дайындау қажеттігін айтқанмын. Бұл тапсырманы 27қаңтарда бердім, алайда қазіргі жағдайға қарағанда түк істелген жоқ. Ал халық денсаулығына нақты сіздер жауапты едіңіздер.

Қырғызстанның басым бөлігінде төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат енгізілді. Ереже бұзғандарға үш жүз мың сомға дейін айыппұл қарастырылған. Теңгеге шаққанда бір жарым миллион. Дәрігерлердің айтуынша, шетелден келген кейбір азаматтар үйде отырудың орнына туыстарын аралап, ауруды әрі қарай таратқан. Қазір Үкімет төтенше жағдай тәртібін бүкіл ел аумағына енгізу мәселесін қарастырып отыр.

Кубатбек Боронов, Қырғыз Республикасы Үкімет төрағасының орынбасары:

– Қазіргі кезде карантинді сақтауға жұмылдырылған барлық адамды тиісті медициналық құралдар мен қорғайтын киіммен, тамағы мен жұмыс орындарына жеткізілуін қамтамасыз еттік. Қолдан келген бүкіл шараны қабылдадық, кейбір жағдайларда Үкіметке жеке меншік кәсіпкерлер көмектесіп, шығынның бір бөлігін өзіне алды. Күн сайын олардың саны артып келеді.

Алайда іскер қауым өкілдерін кәсібі тоқтап қалса, Үкіметтен қандай көмек күтуге болады деген сауал алаңдатып отыр. Қазірдің өзінде коронавирус індеті салдарынан ел бюджетінің табысы төрт жүз миллион долларға азаятыны белгілі. Жуырда Халықаралық валюта қоры ел бюджетін қолдауға 160 миллион доллар мөлшерінде грант бөлетіні жөнінде келісімге қол қойылды. Алайда бар шығынын өтеуге бұл сома жеткіліксіз.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы