425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемде вирус жұқтырғандар саны миллионға жуықтады

  • 515
  • UPD: 12:37, 02.04.2020
Әлемде вирус жұқтырғандар саны миллионға жуықтады

Қытайда пайда болған COVID-19 вирусы төрт айдың ішінде төрткүл дүниеге тарап, әлемнің 205 елі індеттің ілмегіне ілінді.

Джонс Хопкинс университеті ұсынған мәліметке сай, бүгінге дейін жаһанда 900 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. 47 мыңдай азамат қайтыс болды. Кеңінен етек жайған кесел кесірінен қазір жаһан жұртының мазасы қашқан. Індеттің ушығуына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да қатты алаңдаулы. Дендеген дерттің алдын алу мақсатында әлем ғалымдары вирусқа дауа іздеп жатыр. Қазір бұл жұмысқа 74 елдің мамандары мен 200-ден астам науқас қатысуда.

Тедрос Аданом Гебреисус, ДДСҰ бас директоры:

– Індеттің әлем бойынша жылдам таралып жатқанына қатты алаңдап отырмын. Соңғы 5 апта ішінде инфекция жұқтыру деректері еселеп өсті. Ал өткен жеті күнде вирус құрбандарының саны шамамен 2 есеге артты. Бұл қарқынмен алдағы бірнеше күнде 1 миллионнан астам науқас тіркелуі мүмкін. Ал өлім дерегі 50 мыңға жетеді деген болжам бар.

Италияда коронавирустен 13 мыңнан астам адам көз жұмды

Ал қазір бұл көрсеткіште Италия бірінші тұр. Соңғы тәулікте елде тағы 700 азамат көз жұмып, вирус құрбандары 13 мыңнан асты. Ал науқастардың жалпы саны 100 мыңнан асып жығылады. Ел билігі инфекцияның таралуын тоқтату үшін қанша тырысқанымен, әлі де індеттің жолын бөгей алмай келеді.

Анджело Боррелли, Италияның азаматтық қорғаныс қызметінің басшысы:

– Бір тәулік ішінде 3 мыңға жуық тұрғын вирус жұқтырды. 727 адам қайтыс болды. Тағы 4 мыңдай азамат интенсивті терапия бөлімшелеріне жатқызылған. Дерттің жылдам таралуына байланысты барлық тұрғынды сақтық шараларын мейлінше сақтауға шақырамыз. Тек сонда ғана біз осы зауалды жеңіп шыға аламыз.

АҚШ-та коронавирус құрбандары артып жатыр

АҚШ-та індет ілмегіне ілінгендер аз емес. Мұнда соңғы 24 сағатта 900 адам бақилық болды. Ал қаза тапқандардың жалпы саны 5 мыңнан асады. Науқастар саны 200 мыңға жеткен. Ауру жұқтыру деректері барлық штатта тіркелген. Тек Нью-Йорктің өзінде олардың саны 50 мыңға таяу. Науқастардың көптігіне байланысты қазір АҚШ-та дәрігерлер тапшылығы мен ауруханадағы орын мәселесі өзекті. Нью-Йорк басшысының сөзінше, Нью-Йорктің өзіне қосымша 65 мың орын қажет.

Билл де Блазио, Нью-Йорк мэрі:

– Өкінішке қарай, науқастар саны күн өткен сайын артып жатыр. Сәуірдің соңына дейін бізге 65 мың орындық емхана салу қажет. Қазір тек 20 науқасқа арналған медициналық мекеме дайын тұр.

Хабар 24 телеарнасы