419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украинада қоғамдық орындарда екі адамнан артық жиналуға тыйым салынды

  • 381
  • UPD: 16:32, 02.04.2020

Украинаның денсаулық сақтау министрлігі елдің барлық 24 облысында коронавирусты жұқтырғандар тіркелді, деп хабарлайды.

Соңғы ресми мәлімет бойынша, дертті жандардың саны 794-ке жеткен, 20 адам қайтыс болды. Сондықтан, ел билігі бірінші сәуірден бастап жаппай карантин ережесін қатаңдатуға мәжбүр.

Аида Қыдырбай, тілші:

– Украина билігі 18 наурыздан бүгінге дейін індетпен күреске қатысты 4 заң жобасын қабылдап үлгерді. Бұл құжаттар  күрестің жол картасын ұсынып, дағдарыс кезінде бизнеске жеңілдік беру сатысын қарастырады. 30 наурызда Президент Зеленский коронавирусты емдеу барысын қадағалайтын тағы да бір жаңа заң жобасын мақұлдады. Атап айтқанда, енді COVID-19 бен күреске қажет дәрі-дәрмектер елге баж және қосымша құн салығынсыз тасымалданбақ»

Виктор Ляшко, Украинаның бас санитарлық дәрігері:

– Өкінішке қарай, Украинаның барлық өңірінде коронавирус жұқтырғандар тіркелді. Оның ішінде 31 ден 40 жасқа дейінгі адамдар ауруға жиі шалдыққан. Бұл – барлық вирус жұқтырғандардың 22 пайызы деген сөз. Коронавируспен ауыратындар арасында жасы онға дейінгі балалар да бар, шамамен 5 пайыз.

Украина Үкіметі бірінші және 24 сәуір аралығында карантин ережесін күшейту жайлы шешім шығарды. Енді мемлекет бойынша «бетперде барлығы үшін» режимі жұмыс істейді, бұл дегеніміз, қоғамдық орындарда сіз маскасыз жүре алмайсыз. Екі адамнан артық жиналуға жол жоқ. Саябақ, орман, демалыс орындары, балалар алаңдары жабық. Украина Испания елінен де үлгі алуда: бірінші сәуірден бастап далаға қызмет бабымен, не болмаса үй жануарымен ғана серуендеуге рұқсат беріледі. 

Отто Стойко, медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер:

– Эпидемилогиялық жағдай ушығып тұр, жұқтырғандар саны күн санап өсуде, өлім де азаймай тұр. Сондықтан билік қауіпсіздік шарасын күшейту жайлы шешім шығарды. Киев ауруханаларындағы емханалардың жағдайы орташа,   алайда өңірлердегі медицина мәз емес: емханаларда орын тапшылығы бар және медицина қызметкерлері жеткіліксіз. Қазіргі күні жұқпалы ауруларды емдей алатын кадрды даярлау қызу жүріп жатыр.

Карантин ережесін бұзғаны үшін Украинадағы айыппұл көлемі 170 мың гривен, не болмаса 6 000 долларға дейін жетуі мүмкін. Санитарлық ережелерді сақтамай және осы жұқпалы ауруды қасақана таратқан адам 5 және 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ. Дегенмен «ереже қабылданды, алайда оны ескеріп жатқан ешкім жоқ», – деп налиды сарапшылар. Өйткені Украинада Еуропа елдеріндей емес,  қадағалау жүйесі әлсіз және құқық қорғау қызметіндегі кадр тапшылығы карантин аясында қатты сезіледі.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы