413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік Кореяда COVID-19 жұқтырғандардың жартысынан көбі айықты

  • 183
  • UPD: 11:43, 03.04.2020

Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырғандардың саны 10 мыңнан асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, соңғы уақытта инфекцияға шалдығу деректері біртіндеп азайып келеді. Мәселен, соңғы тәулік ішінде 86 азамат қана вирус жұқтырған. Елдегі ахуал жайлы бізбен тікелей байланысқа шыққан меншікті тілшіміз айтып беруге әзір.

Диктор:

- Коронавируспен күресуде қандай оң өзгерістер бар? Тұрғындардың сыртқа шығуына тыйым салынған ба? Ел азаматтары сақтық шараларын қаншалықты сақтап жүр?

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяда COVID-19 вирусынан айыққандар саны күннен күнге артып келеді. Осы уақытқа дейін індет жұқтырған 10 мың науқастың 6 мыңы дерттен құлан таза айыққан. Егер бұрын індет ошағы Тэгу мен Солтүстік Кёнсан саналса, қазір дәрігерлердің назары ел астанасы Сеул мен Кёнги провинциясына ауған. Ал жаңадан тіркеліп жатқан науқастардың үштен бірі – шетелден оралған азаматтар. Бұған дейін хабарлағанымдай, 1 сәуірден бастап елге кірген барлық жолаушы 14 күнге үй жағдайындағы карантинге жіберілетін. Ал, бүгіннен бастап Сеулге келген азаматтардың бәрі коронавирус тестін өтуге міндеттелді. Осыған байланысты Сеул мэрінің айтқан сөзін тыңдайық.

Пак Вон Сун, Сеул қаласының мэрі:

- Шетелден келген жолаушылар Чамщиль стадионында жаппай тексеріледі. Тек осы жердің өзінде тестілеуден күніне 1000-ға жуық азамат өтеді.

Владислав Цой, тілші:

- Қазір тұрғындардың барлығы түгелдей дерлік бетперде таққан. Барлық мекемеде санитайзерлер қойылған. Сеулде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны артып жатқанына қарамастан, билік өкілдері 15 сәуірде парламенттік сайлау өткізбек. Қазір депутаттық мандатқа үміткерлер сайлаушылармен кездесуделер ұйымдастыруда. Бірақ олардың басым бөлігі онлайн режимде өтіп жатыр. Үгіт-насихаттың басты тақырыбы – коронавирус. Мәселен, басқарушы партия үміткерлері ел тұрғындарына кеселдің жолын кесу үшін бірігуді ұсынса, оппозиция өкілдері осыншама науқастың тіркелуіне жол берген билікті сынға алып жатыр. Айта кетейік, індеттің өршуіне байланысты Оңтүстік Кореяда оқу жылының басталуы 9 сәуірге шегерілді. Балалар қашықтан білім алады. Осыған байланысты ұялы байланыс операторлары білім беру сайттарына кіру үшін ақы алмайтындарын жеткізді. Бұған қоса, Samsung пен LG жағдайы төмен отбасыдан шыққан 35 мыңнан астам балаға планшет бермек.

Хабар 24 телеарнасы