426,50 518.00 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирус күзде қайта өршиді – оңтүстіккореялық мамандар

  • 1162
  • UPD: 09:57, 07.04.2020

Коронавирусты жеңудің төте жолы – адамдардың бір-бірімен арақашықтықты сақтау.

Бұл туралы Оңтүстік Корея Республикасының премьер-министрі Чон Се Гюн мәлімдеді. Қазір Таңғы шық елінде екінші күн қатарынан індетті жұқтырғандар саны 50-ден төмендеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы тәулікте 47 адамнан коронавирус табылып, жалпы жұқтырғандар саны 10 мың 331-ге жетті. Олардың жартысынан астамы, яғни 6 мың 700 адам – емделіп шыққан. 192-сі инфекциядан қайтыс болды.

Владислав Цой, тілші:

– Қазір біз Кореядағы коронавирусқа тексеруге арналған алғашқы бекет – Walk thru-да тұрмыз. Бұл Янджи госпиталыа 10 наурыздан бері жұмыс істейді. Осындай бекеттердің арқасында жұқтырғандар саны азая бастады. Екі аптадан бері инфекция жұқтырғандар 100 адамнан асқан жоқ. Ал дүйсенбі күні індетке ұшырағандар 50-ден төмен болды. Мұндай бекеттер медицина қызметкерлерінің коронавирус жұқтырмауына көмектеседі.  

Ким Санг Иль, «H Plus Yangji» госпиталының директоры:

– 10 наурыздан бері 1817 сынама алынды. 1164 адам тексеруден өтті. Төртеуінен коронавирус анықталды. Індет белгілері табылған пациенттер бізде ем қабылдамайды. Мұнда тек коронавирусқа тексеріледі. Сосын олар мемлекет белгілеген арнайы клиникаларға емделуге жіберіледі.  

Індет жұқтырғандар азайып келеді. Дегенмен мамандар инфекция қайтадан өршуі мүмкін дейді. Өйткені жақын арада мектептерде оқу мерзімі басталады. Сабақтар қашықтан өтеді. Соған қарамастан, мұғалімдер мен мектеп қызметкерлерінің әрі-бері жүріп-тұруына тура келеді. 15 сәуірге белгіленген сайлау да індеттің таралуына әсер ете ма деген қауіп тудырып отыр. Саяси науқан елдің әр аймағындағы 14 мың сайлау учаскесінде өтеді. Дауыс беруге індетті жұқтырған азаматтар да қатысуы мүмкін. 

Ким Санг Иль, «H Plus Yangji» госпиталының директоры:

– Індет жұқтырғандар саны азайғанымен, біз шарықтау кезеңінен өттік деп айта алмаймын. Өткен демалыс күндері әдеттегіден аз сынамалар алынды. Соған сәйкес инфекция жұқтырғандар да көп шықпады. Бірақ жаңа оқу жылының ашылуы және мәдени бұқаралық іс-шаралардың басталуы індеттің қайта өршуіне себеп болуы әбден мүмкін. Сондықтан күзде коронавирус жұқтырғандар тағы шығады деген болжам бар.     

Оңтүстік Кореяның премьер-министрі Чон Се Гюн халықты тағы екі апта қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Яғни міндетті түрде бетперде киіп, көшеде арақашықтық сақтап, даладан келген соң киім мен қолға дезинфекция жасау керек.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы