425,02 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Мамандар: 5G және коронавирус арасында байланыс жоқ

  • 577
  • UPD: 21:51, 07.04.2020

Ұлыбританияның үкіметін уақытша Сыртқы істер министрі басқарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі коронавирус жұқтырған үкімет басшысы Борис Джонсонның денсаулығы күрт нашарлап кеткен. АҚШ-та да жағдай ушығып барады. Тіпті Нью-Йорк әкімшілігі вирус құрбандарын жаппай саябаққа жерлеу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ал, Қытайда соңғы тәулікте індетке байланысты адам өлімі тіркелмеген.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Қытайда соңғы тәулікте тек 32 адам дерт жұқтырған. Бірақ барлығы да сырттан келгендер.

Ұлыбританияда коронавирус жұқтырғандардың саны 52 мыңнан асады. Корольдік науқастар саны ең көп 10 елдің қатарына кіреді. Жағдайдың ушығына байланысты ел арасында алыпқашты сөз көбейген. Мәселен, әлеуметтік желіде «әлемдегі соңғы ахуалға 5G технологияларының дамуы себеп» деген әңгімелер айтыла бастаған. Біреулер «тың технология иммундық жүйені әлсіретеді, сөйтіп, адам вирусқа қарсы тұра алмай қалады», дейді. Енді біреулер вирустың радиотолқындар арқылы тез тарайтынын айтады. Алайда, мамандар: «мұның бәрі ақылға қонымсыз дәйектер», дейді. Бұл тұрғыда танымал жұлдыздар да өз парақшаларында COVID-19 бен 5G арасындағы байланыс жайлы мақалалар жария еткен. Мұны оқыған британдықтар 5G мобильдік байланысының 20 мұнарасына от қойды. Енді британдық телекоммунакациялық компаниялар жұртты арандатқандардың арбауына сенбеуге шақырып әлек.

Стивен Поуис, Ұлыбританияның ұлттық денсаулық сақтау қызметінің директоры:

- Коронавирус 5G технологиясы арқылы тез тарайды деген әңгіме ақылға сыймайтын бос сөз. Бұлжалған ақпарат. Мұны түсінбегендер мұнараларды өртеп, инфрақұрылым нысандарын бүлдіріп жатыр. Ал, олар, әсіресе, қазіргі сәтте бәріміз үшін аса маңызды. Өйткені жұрттың көбі үйде отыр. Жақындарын көре алмайды. Бір-бірімен телефон арқылы тілдесе алады. Ал, жұрт, керісінше, мобильдік байланыстың нашарлауына кесірін тигізіп жатыр.

 

Борис Джонсонның жағдайы нашарлап кетті

Елдегі ахуал осылай ушығып тұрғанда премьер-министрдің жансақтау бөлімінен бір-ақ шығуы көпшіліктің көңіліне кірбің түсірді. Үкімет басшысында коронавирус белгілері наурыздың аяғында байқалған еді. Ол тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Мұны Борис Джонсон 27 наурызда көпшілікке жария етті. Сөйтіп, жағдайы жақсы екенін айтып, қашықтан жұмысын жалғастыра берген. Бірақ бірер күн бұрын 55 жастағы саясаткер ауруханаға түсті. Жағдайы нашарлап кеткендіктен, дәрігерлер оны жансақтау бөліміне ауыстырған. Джонсонның сұрауы бойынша премьердің қызметін уақытша Сыртқы істер министрі атқаратын болды.

Доминик Рааб, Ұлыбританияның сыртқы істер министрі:

- Премьер-министр Борис Джонсонның денсаулығы нашарлай бастаған соң дәрігерлердің кеңесімен ауруханаға жатқызылды. Қазір ол білікті мамандардың бақылауында. Алайда, Үкімет басшысының жұмысы тоқтамайды. Елде коронавирустың жайылуын тоқтату үшін барлық тиісті шаралар қолға алынады.

 

АҚШ-та вирус құрбандары саябаққа жерлене ме?

Премьер-министрдің жағдайының нашарлауы туралы хабарға жергілікті тұрғындар ғана емес, өзге елдің саясаткерлері де алаңдаулы. АҚШ президенті медицина саласындағы жетекші америкалық компанияларға британдық премьердің еміне көмектесуді тапсырды. АҚШ-тың өз басында да жағдай оңып тұрған жоқ. Мұнда вирус жұқтырғандардың саны 368 мыңнан асады. Нью-Йорктің өзінде науқастардың қатары 70 мыңға жуықтайды. 3500-ге жуық адам көз жұмған. Құрбандар санының көптігіне байланысты денсаулық сақтау саласының мамандары оларды жергілікті саябаққа жерлеуіміз де мүмкін дегенді айтады. Бұл туралы «Нью-Йорк Таймс» басылымы хабарлады. Бұл мәселенің шынымен-ақ талқыланып жатқанын шаһар басшысы растады. Десе де, нақты шешім әлі қабылданбаған. Осы Нью-Йорк қаласы орналасқан Нью-Йорк штатының билігі вирустың тез таралуына байланысты көшеде арақашықтықты сақтамайтын тұрғындарға салынатын айыппұл мөлшерін арттырды.

Эндрю Куомо, Нью-Йорк штатының губернаторы:

- Бәріміз әлеуметтік арақашықтықты сақтауға міндеттеміз. Тәртіп бұзғандар бұрынғыдай 500 доллар емес, 1000 доллар айыппұл төлейтін болады. Өйткені олар өзгенің өміріне қауіп төндіреді.

 

Қытайда соңғы тәулікте кісі өлімі тіркелмеген

Ал Қытайда соңғы тәулікте коронавирустан көз жұмған адам туралы дерек тіркелген жоқ. Бұл қаңтардан бергі алғашқы жағдай. Десе де, вирусты жаңадан жұқтырғандар бар. Мұнда соңғы 24 сағатта 32 дерек тіркеліпті. Алайда, барлығы да сырттан келген. Қазір бүкіл аспан асты елі бойынша 1200-ден аса науқас қана бар. Осыған дейін коронавирус ошағы саналып келген Қытайдың Ухань қаласында COVID-19 құрбандарын еске алып, жарық шоуы ұйымдастырылды. Бұл сондай-ақ вируспен күреске жұмылдырылған мамандарға да көрсетілген құрмет. Олардың қатарында дәрігерлерден бөлек, муниципалдық қызметкерлер, полицейлер мен волонтерлер де бар.

 

Испанияда көз жұмғандар саны тағы артты

Соңғы күндері Испаниядағы жағдай да оңалып, коронавирус құрбандарының саны азайып келе жатқан еді. Бірнеше күн қатарынан көз жұмғандар саны 700-ден кеміген. Алайда бүгін бірден 743 адам көз жұмып, марқұмдар саны тағы да көбейіп шыға келді. Италияда да осындай жағдай. Бұған дейін мұнда да қайтыс болғандар саны азайған болатын. Бірақ соңғы тәулікте Аппенин түбегінде көз жұмғандардың саны алдыңғы күнмен салыстырғанда 100 адамға артқан.

Хабар 24 телеарнасы