411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада екі күнде 600 адам карантин ережесін бұзған

  • 160
  • UPD: 08:54, 09.04.2020

Украина шекарасы арқылы 7 сәуірде 4800 азамат қана елге өткен екен.

Бұл – соңғы отыз жылдағы ең аз көрсеткіш.

Жаппай карантин жарияланбас бұрын жолаушылар тасымалы бір тәулікте 150 мың адамға дейін жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шекара жабылып, әуе қатынасы тоқтағанымен, Украинадағы коронавирус жұқтырғандар саны азаймай тұр.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Қоғамдық көлік, метро, өңіраралық және халықаралық шекара мен жаппай әуе қатынасы толық жабылғанмен, Украинадағы коронавирус жұқтырғандар өсімін тоқтатпай тұр. Тек бір тәулікте Киевте 24 адам дертке шалдыққаны анықталған. Жалпы ел бойынша 1668 адам коронавирус жұқтырса, оның 52-сі қайтыс болды. Вирусты көбіне жасы алпысқа толмаған адамдар жұқтырған. Сондай-ақ Украинада бүгінде 60+ режимі жұмыс істейді, бұл дегеніміз алпысты алқымдаған азаматтар толық оқшауланған.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Білесіздер ме, статистика көрсеткіші бойынша Украинада коронавируспен ауыратындардың 78%-і алпысқа дейінгі азаматтар. Сондықтан біздің қарт адамдар толық оқшауланып, үйінде отырады. Індетпен күрес кезіндегі ең қауіптісі – «бұл вирус мені айналып өтеді», деп ойлау. Сондықтан сақтанғанымыз дұрыс.

Украина шекарасындағы қарбалас да карантин кезінде айтарлықтай азайған. Әдетте шекара арқылы жолаушылар тасымалы бір тәулікте 150 мың адамға дейін жетсе, қазір бұл көрсеткіш 4800 болды. Сондай-ақ елде карантин жариялағаннан бері ұрлық пен тонау орташа есеппен 35%-ке дейін азайған. Бұл туралы Украина Ұлттық полиция хабарлады. Ел президенті Владимир Зеленский Пасха мерекесі қарсаңында карантин ережесін қатаң сақтауды өтінді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Барлық шіркеудің басшылырамен байланыстамыз. Осы жексенбіде елде Пасха мерекесі тойланады. Біз қазір өзіміздің өміріміз бен қауіпсіздігіміз үшін дәстүрімізді екінші орынға қоятын қысылтаяң жағдайда тұрмыз. Сондықтан қоғамдық орындарға бармауларыңызды сұраймын. Біз барлық телевизиялық каналдар арқылы құлшылық ету сәтін тікелей трансляция арқылы көрсетуді ұйымдастырмақпыз.

Укринада 6 сәуірден бастап карантин режимі күшейген. Атап айқанда, қоғамдық орындарға тек бетпердемен шығу міндеттеледі, екі адамнан артық жиналуға болмайды, ел азаматтарына құжатсыз жүруге тыйым салынады, саябақ, орман, демалыс орындары, балалар алаңдары жабық. Алайда, әсіресе, Киев тұрғындары бұл тәртіпке көп бағынбайды. Небәрі екі күнде карантин ережесін бұзғандар 600 адамға жуықтаған, оларға 100 мың гривен, шамамен 3700 доллар айыппұл салынған.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы