414,13 452,15 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БЦЖ екпесі коронавирустан қорғауы мүмкін бе – әлемдік сарапшылардың жауабы

  • 155
  • UPD: 22:25, 09.04.2020

Әлеуметтік желіде БЦЖ екпесі коронавирустан қорғауы мүмкін деген әңгімелер қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біреулер бұл екпе міндетті түрде салынатын елдерде вирусты жұқтыру және көз жұму деректері аз тіркелген дейді. Басқалары бұған күмәнмен қарайтынын бірден айтып жатыр.

БЦЖ 1921 жылы Францияда ойлап табылған. Ол әзірге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен туберкулезге қарсы ұсынылған жалғыз ғана қолжетімді әрі тиімді вакцина болып отыр. Алайда коронавирус әлемді алқымынан алған сәтте ғалымдар бұл екпенің өзге ауруларға қарсы тұра алатыны жайлы айта бастады. Мәселен, америкалық эпидемиологтар жүзден аса елдің көрсеткіштерін салыстырған. Сөйтіп, 15 күн ішінде БЦЖ салынатын елдерде коронавирусты миллион адамға шаққанда, 38-і жұқтырса, екпе салынбайтын мемлекеттерде бұл көрсеткіш 9 жарым есе жоғары болған. Негізі, осы БЦЖ Бельгия, Италия, Канада, Ливан, Нидерланд пен АҚШ-та міндетті екпенің қатарына жатпайды. Аталған елдердің үшеуі, яғни Италия, Бельгия мен АҚШ коронавирусты ең көп жұқтырғандар ең көп тіркелген 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Америкалық ғалымдардың бұл теориясына қатысты мамандар өз пікірлерін білдіріп жатыр.

Найджел Кертис, профессор:

– БЦЖ адамның иммундық жүйесін түрлі инфекциялар мен вирустарға тез арада жауап беруге бейімдейді. Алайда осы екпенің коронавирусқа қарсы тұратынын туралы нақты ғылыми дәйектер жоқ. Оны растау үшін клиникалық зерттеулер жүргізу керек.

Осылайша Найджел Кертис БЦЖ коронавирустан қорғай алады дегеннің әзірге тек болжам екенін ғана айтады. Осы ретте профессор бастаған ғалымдар тобы қазір тиісті зерттеулер бастап кеткен. Тәжірибеге 4 мың дәрігер тартылған. Оларға БЦЖ вакцина салынып, тиімділігі тексерілмек. Тиісті зерттеулер жүргізіліп жатқанда, осы Австралиядағы өзге ғалымдар тобы 48 сағат ішінде коронавирустың таралуын тоқтатып тастайтын препаратты сынақтан өткізгендерін айтты. Атауы ивермектин. Оны ойлап тапқаны үшін 2015 жылы физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығы берілген. Ол кезде жапондық және америкалық қос ғалым дәрінің адамды құрт инфекцияларынан қорғайтынын дәлелдеген. Енді австралиялық ғалымдар Ивермектинді коронавирусқа қарсы препарат ретінде қолдану үшін клиникалық зерттеулер бастауды ұсынып отыр.

Ал АҚШ-та коронавирусқа қатысты екінші вакцина сынақтан өткізіле бастады. Тәжірибеге 18-55 жас аралығындағы 40 адам қатысады. Оларға түрлі дозалар салынады.

Джон Эрвин, ғалым:

– Біз үшін ең бастысы қауіпсіздік. Сынақтарға волонтерлер қатысып жатыр. Басқа екпелер бұлшық етке салынатын болса, біздің вакцина тері астына салуға арналған.

Жапондық препарат клиникалық сынақтан өткізіле бастады

Ал АҚШ-тың Массачусетс штатында 3 ауруханаға коронавирусқа қарсы қолданылуы мүмкін жапондық «Авиган» дәрісін клиникалық  сынақтан өткізуге рұқсат берілді. Негізі, бұл препарат 6 жыл бұрын тұмауға қарсы дәрі ретінде ойлап табылған. Алайда жануарларға жүргізген тәжірибе кезінде ұрықтың дамуына әсер еткен. Сондықтан ол өзге дәрілер тиіимділігін көрсетпеген жағдайда ғана қолдануға болатын препараттардың қатарына кірді. Бұған дейін қытайлық дәрігерлер «Авиганды» коронавирусты емдеу кезінде пайдаланған. Ал наурыздың аяғында Жапонияның өзінде клиникалық сынақтан өткізу жұмыстары басталып кеткен еді.

Хабар 24 телеарнасы