412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемде COVID-19 жұқтырғандар саны екі миллионға жетті

  • 185
  • UPD: 10:04, 15.04.2020
Әлемде COVID-19 жұқтырғандар саны екі миллионға жетті

Әлемде COVID-19 дертіне шалдыққандардың саны 2 млн-ға жуықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жер жаһанның 120 мыңнан астам халқы осы кеселдің құрбаны болды. Ал, 460 мың адам індетінен айығып шыққан. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, коронавирустың жаңа түрінен Ұлыбританияда 12 мыңнан, Италияда 21 мыңнан астам, ал Францияда 15700-ге жуық науқас көз жұмды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, вирус өршіп тұрған Кәрі құрлықтың бірнеше елінде індеттің таралуы бәсеңдей бастаған. Кейбір елдер карантин режимінен біртіндеп шыға бастады. Ал, АҚШ-та жағдай керісінше ушығып тұр. Эпидемия ошағы болған Құрама штаттарында вирус жұқтырғандардың саны 582 мыңнан асты. Жуырда Ақ үй басшысы Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қорына АҚШ-тан жасалаатын төлемдерді тоқтатып тастады. Оның пікірінше, ұйым коронавирус пандемиясымен күресе алмаған. «Ал, БҰҰ-ның агенттігі Қытайдың жалған ақпаратын таратқандықтан, жағдай ушығып эпидемияға әкеп соқты», - дейді Трамп.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дер кезінде шынайы ақпаратты алып, оны жаһан жұртына хабарламады. Сәйкесінше, тиісті шаралар да дер кезінде қабылданған жоқ. Бұл өз кезегінде әлемдік проблемаға айналды. Ұйым өз міндетін атқара алмаған.

Айта кетейік, АҚШ – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын қаржыландыратын ең негізгі мемлекет. Өткен жылдың өзінде Құрама штаттары бұл ұйымның қорына 400 млн доллар қаражат құйған. Бұл ұйым бюджетінің 15%-ін құрайды.

Хабар 24 телеарнасы