425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Трамп вирустың Қытайдан әлемге таралуына қатысты ірі ұйымды айыптады

  • 522
  • UPD: 10:37, 15.04.2020
Трамп вирустың Қытайдан әлемге таралуына қатысты ірі ұйымды айыптады

Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) коронавирус пандемиясымен күресте дәрменсіз болуына байланысты ұйымның бюджетіне жарна төлеуді тоқтата тұруды бұйырғанын мәлімдеді. 

«Мәселе мынада: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ақпаратты жеткілікті дәрежеде алып отырмады, тексермеді және оны уақытылы және ашық түрде жарияламады.

Әлем Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық қауіп туралы нақты ақпаратты уақытылы таратып отыратынына иек артады. Ал егер олай болмаса болып жатқан жағдай туралы өз бетімен жеткізеді. ДДҰ аталған негізгі міндетін орындамады және жауапқа тартылуы керек. Ондаған жылдардан кейін уақыт жетті», - деді Трамп Ақ үйдегі брифингте.

Президенттің айтуынша, БҰҰ агенттігі қытайлық жалған ақпаратты таратқан. Бұл эпидемияның анағұрлым ауқымды салдарына алып келген. Осылайша Д.Трамп Қытайда пайда болған вирустың ғаламшар бойынша таралып кету оқиғасында ДДҰ-ның ролі анықталғанға дейін қаржыландыруды тоқтата тұруға нұсқау берді.

Айта кетейік, АҚШ – ДДҰ-ның ең ірі қаржыландыру көзі. Тек өткен жылдың өзінде олардың жарнасы 400 млн долларды, яғни ұйым бюджетінің 15% құраған болатын.

Ал БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының немесе вируспен күресетін басқа да гуманитарлық ұйымдардың қызметі үшін ресурстарды қысқартатын уақыт емес екенін мәлімдеді.

«Қазір – бұл вирусты және оның эпидемиялық салдарын жою үшін халықаралық қауымдастықтың бірлесіп жұмыс жасау уақыты», - деді БҰҰ Бас хатшысы.

Хабар 24 телеарнасы