425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Иран халқы биліктің саясатын қатаң сынға алды

  • 308
  • UPD: 09:56, 19.04.2020

Иранда карантин режимі біршама жеңілдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Хасан Роухани бұған дейін енгізілген қатаң шараларды біртіндеп алып тастауды бұйырды. Мемлекет басшысының айтуынша, аймақтағы жағдай тұрақтала бастаған. Жалпы ресми деректерге сәйкес Иранда 80 мыңнан астам адам вирус жұқтырған, бес мыңнан астам тұрғын көз жұмды. Ал сарапшылар эпидемиологиялық талаптардың алынып тасталуы індеттің қайта өршуіне әкелуі мүмкін деп күдіктеніп отыр.

Екі айдан астам уақыт бойы карантин режимінде болған Иран елі бұрынғы тыныс тіршілігіне орала бастады. Қазір елде вирус жұқтырғандардың саны азайып келеді. Егер бұрын дәрігерлер тәулігіне 3 мыңға жуық науқас қабылдаса, қазір бұл сан 1,5 мыңға дейін азайған. Жағдай оңала бастағандықтан, жергілікті билік сәуірдің 11 күні дүкендер мен зауыттардың есігін ашса, 18 күні қалааралық қатынасты жандандыра бастады. Ал сәуірдің 20 күні аймақтағы мектептер мен ірі компаниялар ашылу керек. Айдың соңына қарай елдегі барлық мейрамхана, театр, спорттық орталықтар да жұмысын жалғастыратын болады. Сарапшылар бұл өзгерістерді науқастар санының азаюымен емес, экономикалық ахуалмен байланыстырып отыр.

Бехзад Ахлаги, Еуразия мәселесі бойынша сарапшы:

– Карантин кезінде азық-түлік дүкендерінен басқа барлық дүкендер жабық болды. Кейбір фирмалар қашықтан жұмыс істеуге көшті. Қызметкерлердің саны қысқарды. Иранның жұмысқа жарамды 90 пайыз халқы 3 айдай уақыт бойы үйлерінен шықпай отырды. Экономикаға қаншалықты ауыр тигенін осыдан білуге болады.

Карантин режимінің жеңілдеуі эпидемияның жаңа толқын туғызуы мүмкін. Алайда пандемия салдарынан келетін экономикалық дағдарыс одан да ауыр дейді сарапшылар. Қазірдің өзінде Иран тұрғындары биліктің саясатын қатаң сынға алып отыр. Қарапайым халықтың айтуынша, парламенттің шешімі қаржы тұрақсыздығына әкеп соқты.  

Бахрам Ханлар, саясаттанушы:

– Бастапқыда халық үкіметтің шешімін толығымен қолдаған еді. Тұрғындар барлық талапты бұлжытпай орындады. Шамамен 65 млн-ға жуық адам телефон арқылы өз денсаулығы жайында хабарлап отырған. Сонымен қатар вирустың таралуын тоқтату үшін волонтерлердің де көмегін айту керек. Еріктілер көше, көлік пен ғимараттарды залалсыздандырды. Бірлескен жұмыстардың арқасында ғана оң нәтижеге қол жеткіздік. 

Карантиннің кесірінен халықтың 30 пайызы қаржылай қинындық көріп отыр. Иран билігі әлеуметтік жағдайы төмен шамамен 3 млн-ға жуық тұрғынға 40 доллар көлемінде бір реттік ақшалай көмек көрсетпек ниетте. Сонымен қатар халыққа жеңілдетілген несие берілетін болады.

Юлия Гнатюк, Дмитрий Лукша және Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы