405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тиісті техникалық құралдары жоқ британиялық оқушылар қашықтан білім ала алмай отыр

  • 172
  • UPD: 20:57, 20.04.2020

Яғни кейбір балалар және олардың ата-аналары интернет пен компьютердің жоқтығының азабын тартуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Джордж Найт, мұғалім:

– Менің бүгінгі сабағым ақпарат жинау тақырыбына арналады. Сендер отбасы мүшелерінің карантин кезінде немен айналысқанды жақсы көретіндігі туралы білулерің керек.

Математика пәнінің жас мұғалімі Джордж Найт үшінші класс оқушыларына жаңа тақырып – статистика негіздерін үйретіп жатыр. Бейнесабақты ол ас үйінде отырып түсірген. Джордж жай ғана мысалдар арқылы бұқаралық құбылыстардың сандық көрсеткіштерін есептеуге баулуда. Пәтерді бірге жалдайтын көршілеріне барып, статистикалық сұрақтарды қалай қою керектігін көрермендерге үйретіп жатыр. Сабақ тікелей эфирде емес, алдын ала жазылып алынған. Балалар тапсырмаларды Google classroom арқылы көріп, орындаулары және мұғалімге тексеруге жіберулері керек. Өкінішке қарай, оқушылар арасында техникалық құралдары жетіспейтіндері де жетерлік. Мысалы Джейден Уэллер мен ұлы Эйденде компьютер жоқ.    

Джейден Уэллер, оқушының анасы:

– Менде тек ұялы телефон ғана бар. Әдетте біз кітапханаға барып, компьютер қолданатынбыз. Карантиннің кесірінен олар да жабық. Баламның көңілі алаң.

Қоғамдық ұйымдар дабыл қағуда. Қашықтан оқу миллиондаған бала үшін қолжетімді емес. Мұғалімдер болса, ескі әдістер пайдалануға мәжбүр. Олар тапсырмаларды қағазға түсіріп, үй-үйге таратып жатыр. Үкімет те мәселеге құлақ асқандай. Жуырда олар аз қамтылған отбасылар үшін және келер жылы бітіру емтихандары бар балаларға ноутбуктер мен тегін 4G вайфай роутерлерін бермекші. Ал әзірге мектеп директорлары сабыр сақтауға шақырады.

Элисон Мандер, мектеп директоры:

- Алаңдамаңыз. Балаларыңыз мектепке оралмайынша, біз баға қоймаймыз.

Оқушылардың партаға қайта қашан отыратындығы белгісіз. Білім министрі нақты күнді атай алмай отыр. Алдымен ел бірнеше сынақтан сүрінбей өтуі керек деді ол.

Гэвин Уильямсон, Ұлыбритания білім министрі:

– Ұлттық денсаулық сақтау қызметі науқастар нөпірін емдей алатындығына сенімді болуымыз керек. Сонымен қатар өлім-жітім мен жұқтырғандар санының күнделікті көрсеткіші азаюы керек. Бұдан бөлек, сынамалар мен медицина қызметкерлеріне арналған қорғаныш киімдері жеткілікті болуы шарт. Және соңғысы әрі маңыздысы – инфекцияның екінші толқынының қайталанбайтындығына сенімді болуымыз қажет.

Жексенбі күні COVID-19-дан көз жұмғандар саны шамамен 600-дей болып, күнделікті көрсеткіш төмендеді. Бірақ сарапшылар Ұлыбритания вирус тарауының шарықтау шегіне әлі жетпеді деп отыр. Егер екі метрлік әлеуметтік қашықтықты сақтамасақ, індеттің екінші толқынын туғызуымыз әбден мүмкін деп қауіптенеді олар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы