419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Норвегиялық мамандар мигранттар лагеріндегі жағдайға алаңдаулы

  • 275
  • UPD: 09:26, 23.04.2020

Әлемде мигранттар лагерінде 10 миллионға жуық адам тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Олардың ешқайсысы коронавирусқа тексеріліп жатқан жоқ. Босқындар ісі жөніндегі Норвегиялық кеңес мамандары осылай деп дабыл қағуда. Сондықтан сарапшылар Еуропада вирус ауыздықталған күннің өзінде де, эпидемияның қайта өршуі ғажап емес дейді.

Бұл – Грекияның Кранидион қаласындағы босқындарға арналған қонақ үй. Мұнда 500-ге жуық адам тұрады. Дені – Грекияға заңсыз жолмен жеткен Конго және Камерун азаматтары. Арасында балалар көп. Өткен аптада қонақ үй қызметкерінің коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Сондықтан бірден қарым-қатынаста болғандар тексеріле бастаған. Сөйтіп, бақандай 148 босқынның тапсырған тесті оң нәтиже көрсеті. Барлығында вирус еш белгілерсіз өтіп жатқан көрінеді. Билік коменданттық сағат жариялап, қозғалуға екі апталық шектеу қойды. 

Димитрис Сотириадис, фармацевт:

– Бұл жаңалық қала тұрғындарының көңіліне кірбің түсірді. Алайда ел арасында дүрбелең байқалмайды. Бәрі жақсы болады деп сенейік.

Элефтериос Лионас, мейрамхана иесі:

– Бұл тек біздің өңір үшін ғана емес, бүкіл Грекия үшін қорқынышты жағдай. Бірақ шектеу шараларын бұзбаса, бәрі дұрыс болатын шығар.

Бұл – Еуропадағы жағдай. Ал Оңтүстік Америкаға келетін болсақ, мұнда жүздеген боливиялық мигрант еліне қайта алмай әлек. Олар отанында нәпақа таба алмай, көрші Чилиге жұмыс іздеп кеткен. Коронавирусқа қатысты ахуал ушыққасын, үйлеріне қайтпақ болған. Алайда Боливия арадағы шекарасын жапқан. Сөйтіп, еңбек мигранттары қазір шекаралық аймақта каратинде жатыр. Енді олар жақындарымен жуық арада қауыша алмайтынға ұқсайды. Өйткені Боливия билігі тек бір аптадан кейін ғана мигранттарға шекара асуға рұқсат береміз дейді. Оның өзінде де әлгі азаматтар тағы бір апта карантинде жатуы тиіс. Тек осыдан кейін ғана үйлеріне қайта алады.

Норма Чок, Боливиядан келген еңбек мигранты:

– Мен Чилиге жұмыс істеп, ақша табу үшін келгем. Енді үйге қайтайын десем, Боливия билігі бізді әзірге қабылдамай жатыр. 5 балам бар. Чилиге соларды асырап жеткізу үшін келдім. Денсаулығым мәз емес. Демікпем бар. Балаларым «анашым, коронавирустан аман болыңыз», дейді.

Ал мексикалық мигранттар керісінше АҚШ-қа өте алмай дал. Тақауда Дональд Трамп мигранттарды қабылдауды 60 күнге тоқтататын жария етті. Осылайша жұмыс орындарын эпидемия зардабын тартып отырған америкалықтар үшін сақтап қалу көзделіп отыр. Ақ үй басшысы жаңа ереженің АҚШ-та тұрақты тұрғысы келетіндер үшін ғана қатысты екенін айтты. Ал уақытша жұмыс істеп, ақша табамын деушілерге еш әсер етпейді дейді. Қалай болғанда да, Мексикамен арадағы шекарада грин-картасын күтіп отырған азаматтар бұған қапалы екендерін жасырмайды.  

Ромер Санчес, Венесуэладан келген мигрант:

– Бұл – вирустың таралуын тоқтату үшін емес, шекараны шегендеп, көші-қонды тоқтату үшін жасалып отыр.

Ал соңғы ақпарат бойынша, Германияның Баден-Вюртемберг федералдық аумағындағы мигранттарды қабылдау орталығының бірінде  оронавирусқа жасалған тест мұндағы азаматтардың жартысында оң нәтиже көрсеткен. Яғни 580 босқынның 259-ы вирусты жұқтырған болып шықты. Осы ретте мамандар өзге өңірлердегі оралықтарда да ұқсас жағдай болуы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Себебі ондай орындарда әлеуметтік қашықтық пен қарапайым гигиена ережелері сақталмайды.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы