419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Германия азаматтарын қоғамдық орындарда бетперде тағып жүруге міндеттеді

  • 337
  • UPD: 14:16, 23.04.2020

Германияда коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізуге рұқсат берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Майнц қаласындағы «Бионтек» компаниясы бұл дәрінің әсерін волонтёрлерге тексеретін болды. Ал ел билігі таңдаған стратегияға сәйкес, карантин тәрібі біртіндеп жеңілдетіледі, бірақ бәріне бетперде тағуға міндеттелмек. Ұзақ пікірсайыстан кейін Германиядағы 16 өңірдің онында осындай заң қабылданды. Адамдар дүкендер, метро және автобустарда бетперде тағуы тиіс. Ал болмаса, орамал немесе шарфпен орануы керек. Берлин мэрі бетперделерді тегін таратуға уәде берді. Осыған дейін осындай шара Дрезденде өткен болатын. Қала тұрғындарына 200 мың бетперде үлестірілді. 

Кристине, Дрезден қаласының тұрғыны:

– Мұны бұрыннан қолға алу керек еді. Бетпердені тегін тарататынына ризамын. Өзімде болмағандықтан, шарфқа оранатын едім.

Юрген, автобус жүргізушісі:

– Бұл дұрыс деп ойлаймын. Жолаушыларға бетперде қажет. Ал жүргізушілерге келсек, бізге ешкім жақындай алмайды. Орнымызды бөгеп тастады.

Жалпы, Германиядағы тұрмыс біртіндеп қалпына келе бастады. Мамыр айының басында кітапханалар мен мұражайлар ашылады. Ал театрлар тек тамыз айында жұмысын бастайды. Туризм және қоғамдық тамақтану салаларына әзірге жеңілдік қарастырылмаған. Сондай-ақ, бұқаралық шаралар өткізуге қатаң тыйым салынды. Осындай жиындарды ұйымдастырушыларға 25 мың еуро мөлшерінде айыппұл салынады.

 

 

Хабар 24 телеарнасы