431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирустың кесірінен 170 мемлекет экономикалық шығынға ұшырайды

  • 474
  • UPD: 21:03, 23.04.2020

Халықаралық валюта қорының болжамы осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ондағы сарапшылар пандемиядан соң халықтың табысы азаяды, елдердің ішкі жалпы өнім қысқарады, сосын сауда құлдырайды деген пайымда.

Карантин бір ғана саланың қолын байлап отырған жоқ. Мұқым шартарап қозғалыссыз қалды. Сондықтан пандемия барлық саланы қамтитыны сөзсіз. Ең сорақысы, бұл дағдарыстан шығу 2025 жылға дейін созылуы мүмкін.

«Коронакризис». Бұл халықаралық БАҚ беттерінде пайда болған жаңа термин. Қазір қимылсыз қалған әлем экономикасы бұл сөзден қашса да, құтыла алмайды. Өйткені тұтас жаһан дағдарысқа ұшырады. Жұмыссыздық деңгейі артты. Өндіріс орындары жабық. Халықаралық валюта қоры 2020-2021 жылдары әлемнің жалпы ішкі өнімі 9 трлн долларға төмендейді деп болжам жасады. Бұл шамамен Жапония мен Германия экономикасының қосындысы деген сөз. Сондай-ақ коронакризистің салдары бес жылға созылуы ықтимал. Блумберг басылымы коронавирустан әлем 5,5 трлн доллар көлемінде шығынға батады.

Кан Ву, S&P Global Platts сараптама бөлімінің басшысы:

– COVID-19 пандемиясы халықаралық экономикаға айтарлықтай зиян келтіреді. Жаһандық экономика рецессияға ұшырауы мүмкін. Қазірдің өзінде сарапшылар жариялап жатқан шығын көңіл көншітпейді. Бұл бар-жоғы қазіргі болжам. Ал пандемия созылатын болса, 1930 жылдардағы Ұлы депрессиядан кейінгі ең ауқымды дағдарыс болмақ.

Эпидемия салдарынан әлемдік сауда көлемі 13 тен 32 процентке дейін төмендеуі мүмкін. Бұл дағдарыс әсіресе, жұмыс орындарына әсер етеді. Мәселен, бір ғана АҚШ-та бір айлық карантин кезінде 22 миллион адам жұмыссыздар алатын көмекке өтініш жазған. Бұл Америка тарихында 60 жылдардан бергі ең ауқымды жұмыссыздық деңгейі. Жалпы бұл мәселе карантин жарияланған барлық елде бар. Сарапшылардың айтуынша, жұмыссыздық деңгейінің артуынан, кедейлер саны 500 миллион адамға көбеюі мүмкін.

Даниель Жао, бас экономист:

– Соңғы төрт аптада елімізде 21 миллионнан астам адам әлеуметтік көмекке өтінім жазған. Бұл Флорида штаты халқының санымен тең. Осыған қарап-ақ, халықаралық экономиканың құлдырап жатқанын көруге болады. Жұмыссыздар саны артса, әлемде өндіріс қысқарды деген сөз. Біраз елде адамдардың тұрмысы нашарлайды.

Әлемдегі іскерлік белсенділіктің төмендегені соншалық, мұнай бағасы құлдырады. Өйткені осы бір індеттің кесірінен бүкіл әлемде өндіріс орындары, әуе және автокөлік қозғалысы тоқтап қалды. Салдарынан америкалық WTІ брендінің фючерсі 40 долларға сатылды. Бұл тарихта болмаған баға. Мұнай тауарлары өндірілмегендіктен, қор көбейіп кеткен. Қара алтынды сақтайтын қоймалар жетпей жатыр. Тіпті теңіздегі танкерлерде де мұнай толып тұр.

Джим Буркхард, сарапшы:

– Мұнайға деген сұраныс төмендеп кетті. Өйткені өнімді тұтынар ешкім жоқ. Әуе рейстері тоқтап, автокөлік қозғалысы азайған. Ал егер шикізат қолданылмаса, ол қоймада сақталуы керек. Бірақ осы жерде тағы бір мәселе туындайды: мұнайды белгілі бір мөлшерде ғана сақтауға рұқсат етілген. Сәйкесінше қойма саны да шектеулі. Осыған байланысты қара алтын бағасы төмендеді.

Халықаралық Еңбек ұйымының дерегіне сай, туризм саласы да ақсайды. Қазірдің өзінде еуропалық турфирмалар әр ай сайын бір миллиард еуро көлемінде шығынға ұшырап жатыр. Ал автомобиль өндірісі эпидемияға дейін 14 миллион адамды жұмыспен қамтып келген еді. Қазір зауыттар жабылып, жұмысшылар нәпақасынан айырылған. Авиация саласы да шығынға батты. Халықаралық әуе қатынасы қауымдастығының ақпарына сай, бұл саланың табысы былтырғымен салыстырғанда 44 процентке қысқарады. 

Тивольде Гебремариам, әуе желісінің бас директоры:

– СOVID-19 халықаралық әуе компаниялары үшін үлкен соққы болды. Мыңдаған әуе рейсі тоқтап қалды. Жолаушылар ағыны да күрт азайды. Барлық әуе кемелері қаңтарылып тұр. Осының өзі қып-қызыл шығын. Мұның сыртында қызметкерлердің жалақысы бар. Меніңше, коронавирус аяқталғанша, әуе компаниялары нарықтан кетеді. 

Пандемия ауыл шарушылығы саласына да әсер еткен. Бұл орайда Италиядағы фермерлер дабыл қақты. Шекара жабылып, тасымалдау қиындағандықтан көкөністер босқа қалып, шіріп жатыр. 

Қытай экономикасы 6,8 процентке құлдыраған. Бұл мемлекет әлем экономикасының 17 процентін құрайды. Сондықтан бұл қаржылай құлдырау әлем нарығына тікелей әсер етері сөзсіз.

Хабар 24 телеарнасы