429,54 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Беларусьте алғашқы онлайн үйлену тойы өтті

  • 307
  • UPD: 22:18, 23.04.2020
Беларусьте алғашқы онлайн үйлену тойы өтті

Жас-жұбайлар індетке байланысты өз салтанатын кейінге қалдырмауға бел буып, осындай шешімге келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Той ұйымдастырушысы жастардың тілектерін ескеріп, неке қию рәсімін керемет мейрамханада өткізді. Бір ерекшелігі, қонақтар мұның бәрін қашықтан тамашалады.

Той ұйымдастырушылары шынайы және виртуалды дүниені түйістірді. Салтанатты шараны да уақыт талабына сай безендірді. Жас-жұбайларды дәрігер халатын киген аниматор қарсы алып, жүзік алмасу алдында антисептикпен қол жууды ұсынды. Тойда қызмет еткендердің барлығы қолғап пен бетперде тағып жүрді.

Алина Гаврилович, той ұйымдастырушысы:

– Ұйымдастыру кезінде жұмыс тобын жинау қиынға түсті. Өйткені көбісі оқшауланып, үйлерінде отыр. Ал бұл жобаны жүзеге асыруға 30-дан аса адам қатысқан, бірақ бар жұмысын қашықтан атқарды. Көп дайындалдық, себебі интернеттің қалай істейтіні белгісіз болды. Ал бүкіл шара осыған байланысты болған.

Үлкен мониторда барлық қонақ жиналды. Әрқайсысының белгіленген орны бар. Барлығының үйлеріне алдын ала той асы жеткізілді. Тек интернетке үйренбеген жас-жұбайлардың ата-анасы шатасып, салтанатқа қатыса алмады. Алайда бұған ешкім ренжімеді. Өйткені індет аяқталғаннан кейін барлығы кең дастарханда қайта бас қосады.

Артем Астровлян, той жүргізушісі:

– Әзілдерім оларға жете ме деп уайымдап едім. Бірден күлмесе, әзілің өтпей қалды деп ойлайсың. Алайда сәл кешіксе де, барлығы күле бастағанын көріп, мұндай да шара өткізу қолымыздан келетініне көзіміз жетті.

Алдағы күндері осындай тойлар Минсктің өзге де мейрамханаларында өтуі әбден мүмкін. Өйткені бұл шара жастардың бақытына тіпті індет кезі де кедергі келтірмейтінін айқын көрсетті. Жас жұбайлар өз тойына қонақтарды әлемнің кез келген жерінен шақыра алады. Виртуалды дастарханның төрінде әрине ата-аналары отырады. Ал қалыңдықтың гүл шоғын қонақтарға тастау секілді барлық салт-дәстүрді техниканың көмегімен де өткізуге болады. 

Авторлары: Дмитрий Лукша, Константин Никаноров

Хабар 24 телеарнасы