423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Беларусьте пандемия алаяқтар үшін табыс табудың жолына айналды

  • 255
  • UPD: 11:28, 24.04.2020

Беларусьте COVID-19-ды желеу етіп, пайдасын асырған алаяқтар көбейген.

Кейінгі кездері олар тіпті коронавирусқа қарсы деп, жоқ дәрі-дәрмектерді сата бастаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір айдың ішінде алаяқтардың айласына жүздеген адам іліккен.

Осыдан жарты жыл бұрын вокзалда отыратын алаяқтар алдына келген адамның ақшасы түгілі алтынына дейін сыпырып алатын. Арам пиғылдылардың ілмегіне көбінесе зейнеттегі тұрғындар ілінетін. Пандемия басталғалы залым ниеттілер алдаудың жаңа жолын ойлап тапты. Енді олар коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек сата бастаған. Олардың ішінде әдеттегі парацетамол мен құрамында арақ пен бірнеше шөптің қосындысынан жасалған түрлі препараттар бар.

Ольга Чемоданова, Беларусь ІІМ-нің ресми өкілі:

- Халықты алдау оқиғалары жиілеп кетті. Барановичи мен Кобрин қалаларында ғана соңғы аптада 2 алдау және 3 тонау оқиғасы тіркелді. Алаяқтар қарапайым халыққа арзан тауарды қымбатқа сатып немесе дуадан тазартамын деп алдайды.

Алаяқтың әдісі көп, мақсаты біреу. Сұрқия ісінен кем дегенде 100 доллар табыс табатыны белгілі. Ал, виртуалды түрде халықты алдап ақша жасайтындар күніне 5 мыңнан 20 мыңға дейін олжаланады. Соңғы кездері арам пиғылдылар карантин салдарынан шетелде қалып қойған отандастарына қаржылай көмек көрсету үшін жалған қайырымдылық қорға ақша жинай бастаған. Халықтың сеніміне кіру үшін өзге сайттардан ұрланған құжаттарды да ұсынады.

Кирилл Вяткин, Беларусь ІІМ-нің өкілі:

- Интернетте мемлекеттік органдардың немесе қоғамдық ұйым мен қорлардың атынан жалған ресурстар ашылған. Олар халықты коронавирустың таралуына байланысты өтемақы беріледі деп арбайды. Ол үшін тұрғын сол ұйымның шотына белгілі бір соманы жіберу керек. Шын мәнінде ешқандай өтемақы жоқ. Жіберілген ақша алаяқтардың қалтасына түседі.

Ал, COVID-19 дертіне қарсы дәріні сатып алу үшін құпия сатушыға 200-400 доллар аударғаннан кейін саудагермен байланыс үзіледі. Немесе соңғы кездері ел тұрғындарына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан SMS хат келетін болды. Онда қауіпті вирусқа шалдыққандар жайында соңғы ақпаратты білу үшін көрсетілген сілтемеге басып кіру керек. Бұны жасаған адамның компьютері вирусқа ұшырағаннан кейін бұғатталып, алаяқтың шотына ақша салуды талап етеді. Ал, ел тұрғындарына вирустан аман қалу үшін Түркия мен Араб Әмірліктеріндегі қауіпсіз жерлерге сатылатын турлардың пайда болуы да таңқалдырды. Абырой болғанда, бұл сандыраққа сенген адам болған жоқ.

Авторлары: Дмитрий Лукша, Константин Никаноров

Хабар 24 телеарнасы