419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19 кеңінен тарала қоймаған Таяу Шығыс елдерін мамандар алдын ала дайындалуға шақырды

  • 371
  • UPD: 08:27, 25.04.2020

Коронавирус азаматтық соғыс пен экономикалық дағдарыс жайлаған Таяу Шығыс елдеріне де таралуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індет қарулы қақтығыстардың саябырлауына әкелгенмен, денсаулық саласы төмен елдерде, апатты жағдай туғызуы мүмкін. Аймақ елдері дертпен қалай күресіп жатыр?

Аймақта індетке байланысты барлық ел шектеуді күшейтті. Сирия, Иордания сияқты мемлекеттерде коменданттық сағат енгізілді. Бірақ карантин қақтығыстардан көз ашпаған тұрғындарға ауыр тиюде.

Хусейн Али, жергілікті адам құқықтары жөніндегі ұйымның мүшесі:

– Адамдардың көбі жалақыға өмір сүріп келген. Елде карантин енгізіліп жұмыс тоқтатылғандықтан, жағдай ауырлады. Себебі үкімет коменданттық сағатты енгізгенмен халыққа көмек көрсету жағын ойластырмаған.

Ал ресми дерекке сүйенсек, коронавирус өзге әлем елдеріне қарағанда Таяу Шығыста кеңінен тарай қоймаған. Дертті жұқтыру мен одан көз жұмғандар саны аз. Бірақ бұған халықаралық сарапшылар сенімсіздік танытты. Себебі денсаулық сақтау саласы мен инфрақұрылымы күйреген елдерде оны бақылау қиынға соғуда. Сондықтан аймақ елдеріне қаржылай қолдауды күшейту керектігін айтады. 

Фабрицио Карбони, халықаралық қызыл крест комитетінің таяу шығыс бойынша директоры:

– Бұл аймақ экономикалық қолдауға әрдайым мұқтаж болып келген. Ал қазіргідей жағдайда оның өзектілігі тіпті артып отыр. Өңірдің денсаулық сақтау саласына ғана емес бүкіл әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан көмек көрсетілуі қажет. Өйткені пандемияның салдары ауыр болатыны анық.

Мамандарды әсіресе босқындар лагеріндегі жағдай көп алаңдатуда. Себебі мұндай орындарда індетке қарсы шектеу шараларын орындауды бақылау мүмкін емес.

Амер, палестиналық мигрант:

– Шынымды айтсам мұнда сақтық шаралары айтарлықтай қарастырылмаған. Қала әкімшілігі лагерьге кіруге тыйым салғанмен олардың ішінде вирустың таралуына қарсы ешқандай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ.

Дегенмен коронавирус аймақтағы кей қақтығыстарды уақытша тоқтатқан. Бірақ мамандар пандемия салдары ауыр болатынын ескертіп, өңір биліктерін алдын ала дайындалуға шақыруда. Себебі Таяу Шығыс елдерінің экономикасы індеттен едәуір құлдырап, әлеуметтік-экономикалық жағдай күрделене түспек.

Авторы: Дәурен Ақашұлы

Хабар 24 телеарнасы