423,09 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Италияда 4 мамырдан бастап шектеу шаралары жеңілдейді

  • 280
  • UPD: 10:59, 27.04.2020

Италияда 4 мамырдан бастап шектеу шаралары біршама жеңілдейді.

Бұл жайлы ел премьер-министрі Джузеппе Конте мәлімдеді. Телевизия арқылы халыққа үндеу жасаған үкімет басшысы бұл күннен бастап кафе, барлардың қызметі қайта жанданатынын жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, осы күннен бастап келушілерге тамақты өзімен бірге алып кетуіне рұқсат етіледі. Айта кетейік, қазір мейрамханалар тапсырысты тек үйге жеткізумен ғана айналысуда. Бұған қоса, ел билігі тұрғындарға өздері тұратын провинция аумағында қатынауына рұқсат бермек. Бүгінде италиялықтар өздері тұратын елді мекенде ғана қозғала алады. Сондай-ақ туған-туыстарды аралап, саябақтарда серуендеуге қатысты тыйым да алынып тасталмақ. Айта кетейік, Италия коронавирустан ең көп зардап шеккен елдердің бірі саналады. Елде 26 мыңнан астам адам қайтыс болып, 200 мыңға жуық азамат вирус жұқтырған.

Джузеппе Конте, Италия премьер-министрі:

- Еліміз пандемияны еңсеру жолында біршама жұмыстар атқардық. Енді келесі кезеңге өттік. Қатаң шектеу шараларының арқасында біз вирус құрбандарының санын айтарлықтай қысқарта алдық. Енді міне, сіздерге 4 мамырдан бастап ел бойынша карантин тәртібі жеңілдейтінін хабарлағым келіп тұр.

Өз кезегінде Париж маңындағы Сен-Дени елді мекенінде жергілікті полицейлер 140 мың масканы тәркіледі. Белгілі болғандай, олардың бәрі қара нарықта сатылмақ болған. Естеріңізде болса, наурызда Франция үкіметі елдегі маска қорын ел азаматтарына емес, тек медицина қызметкерлеріне ғана беретін болып шешкен еді. Сондықтан шаһар дәріханаларында бетперде тапшы.

Айта кетейік, бүгінде Францияда вирустан қайтыс болғандардың саны азайып келеді.

Ал, Германия тұрғындары бүгіннен бастап маска тағуға міндеттеледі. Яғни әрбір азамат дүкенге бару үшін не болмаса қоғамдық көлікпен жүргенде міндетті түрде бетперде тағуы тиіс. Алайда медициналық тауар тасымалдаушылары елдегі маска қоры таусыла бастағанын айтады. Жалпы Германия елі Еуропадағы өзге елдерге қарағанда коронавируспен сәтті күресіп келеді. Соңғы дерек бойынша бүгінде бұл елде 6 мыңдай азамат қайтыс болды. Бұл – Ұлыбритания, Франция, Испания және АҚШ елдерімен салыстырғанда бірнеше есе аз.

Испанияда 6 аптаға созылған қатаң карантин режимінен соң балалардың сыртқа шығып ойнауына рұқсат етілді. Осылайша, ел премьері Педро Санчес тұрғындардың наразылығына құлақ асып, 14 жасқа дейінгі балаларға оқшаулану ережелерін жеңілдетіп отыр. Енді олар тәулігіне бір сағат далада емін-еркін ойнай алады. Бірақ балалар алаңы жабық күйде қалады екен. Жалпы Испания қатерлі вирустың Еуропадағы негізгі ошағы саналады. Індет тарағалы бері бұл елде 226 мыңдай адам инфекцияға шалдығып, 23 мыңнан астам азамат қайтыс болды.

Ал, көршілес Ресейде қазір жағдай ушығып тұр. Соңғы тәулікте бұл елде вирус жұқтырудың 6300 жаңа дерегі тіркелді. Науқастардың басым бөлігі Мәскеу мен Мәскеу маңынан анықталған. Жалпы бүгінде Ресейде тіркелген науқастардың жалпы саны 80 мыңнан асады.

Хабар 24 телеарнасы