427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейдегі еңбек мигранттарының жұмысы тоқтап, ішерге ас таппай отыр

  • 399
  • UPD: 21:09, 28.04.2020

Шетелде нәпақасын тауып, күн көріп жүргендер пандемияның дендеуіне байланысты қиын жағдайда қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресейдегі еңбек мигранттарының жұмысы тоқтап, ішерге ас таппай отыр. Не еліне қайта алмайды. Өйткені шекаралар шегендеулі.

Үкіметтік емес ұйымдар мен қайырымдылық қорлары қолдан келгенше көмек көрсетуде. Десе де, қаражаттың қол байлап тұрғанын айтады.

Жансұлу Дүйсенәлі, тілші:

- Ибрагим Артыков – Тәжікстан азаматы. Жұмыс іздеп, Ресейге келген. Ізінше бірден төрт рет жұмысын ауыстырады. Өйткені жұмыс берушілер ақшасын бермей қойған немесе жалақы төлеуден бас тартқан. Ал соңғы құрылысшы болып орналасқан жұмысы коронавирустың дендеп кетуіне байланысты жабылып қалды. Әуе рейстері тоқтап тұрғандықтан, еліне де қайта алмай отыр. Ресейде тағдырдың тәлкегіне ұшыраған мұндай жандар қаншама.

Ибрагим Артыков, құрылысшы (Тәжікстан):

Егер мемлекет бізге көмектеспесе, егер өзіміз табыс таппасақ, тамақтануға ақшаны қайдан аламыз? Біз сумен немесе ауамен қоректене алмаймыз ғой. Біздің тірі қалуымыз керек. Менің ойымша, аштықтан бұратылып, көз жұмудан қорқынышты ештеңе жоқ.

Қазір жұмысынан айырылған еңбек мигранттарына қайырымдылық ұйымдары көмектесіп жатыр. Қайырымды жандардан жиналған қаражатқа мұқтаж отбасыларға азық-түлік алынады. Волонтер Клавдияның айтуынша, мұндай жандар аштық қысса, қылмысқа баруы мүмкін.

Клавдия, қайырымдылық ұйымының волонтері:

Егер біз мигранттарға көмек көрсетпесек, елде қылмыс деңгейі өседі. Біз бұл жауапкершілікті сезінеміз. Егер ат салысып, күш біріктірмесек, басқа азаматтардың зардап шегетінін түсінеміз. Ал, олар не істей алады?  Олар бір бөлмеде жеті-он адамнан ешбір қолдаусыз қалды, тіпті тілді де білмейді.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен көші-қон сарапшылары мигранттардың жағдайы өзекті болып тұрғанын айтады. «Бір ғана қайырымдылық қорының көмегі оларға жеткіліксіз», - дейді мамандар.

Светлана Ганнушкина, «Азаматтық жәрдем» құқық қорғау ұйымының басшысы:

- Бұл бітпейтін мәселе және ол бір жобамен шешілмейді. Өкінішке қарай, бұл проблема біздің елде мүлдем шешілмеген және оны шешудің жолдары да жоқ. Ал адамдарға материалдық көмек қажет, әсіресе, қазір. Азаматтар жұмыссыз қалды.

Статистикаға сүйенсек, бір ғана Мәскеу мен Мәскеу облысында осындай күйге түскен миранттардың саны екі миллионнан асады. Бұл тек ресми тіркелгендері. Кейбірінің құжаты жоқ және елде заңсыз жүргенін ескерсек, Ресейде күнін көре алмай қиналғандардың саны екі есеге көп болуы мүмкін.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы