430,69 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Египет үкіметі туризм саласына қолдау көрсетпек

  • 515
  • UPD: 11:27, 30.04.2020

Депутаттар келесі аптада қонақ үйлерді ашу үшін тиісті ережелер мен шектеулер тізімін белгіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шекаралардың жабылуынан туризм саласы миллиондаған шығынға батты. Сондықтан билік осындай батыл қадамға баруға мәжбүр.

Енді Египет жағажайларына бару үшін денсаулық жөнінде анықтама тапсыру керек. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрі бірқатар елдермен көп мөлшерде коронавирус тесттерін жеткізу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Оны мейманханаларға тапсырып, әрбір қонақ келген күні міндетті түрде тексеруден өтеді.

Умм Мунир, қонақ үй кешенінің менеджері:

- Біз кез келген шарттарға келісеміз, тек туризмге жол берсін. Егер 1 мамырға дейін ашылмасақ, бәсекелестеріміз бізді құртып жібереді. Жазғы маусым Египет үшін ерекше кезең, өйткені бізге Жерорта теңізіндегі өзге шипажайлармен бәсекелесу қиын.

Үкімет мейманхана қызметкерлеріне де тиісті ережелер тізімін әзірледі. Қонақ үйлер аптасына үш рет мұқият дезинфекция өткізуі тиіс. Жұмыс күнін дәрігерлік бақылаудан бастап онымен де аяқтауы қажет. Бұл шаралар қосымша шығынды қажет ететіндіктен, кейбір кәсіпкерлер оны сақтамауы мүмкін. Сол себепті Денсаулық сақтау министрлігі, Туризм министрлігі және полиция бірлесіп, еріктілер тобын жасақтайды. Олар әр мейманхананы айына кем дегенде 18 рет тексереді.

Гамаль Рамзи, экономист:

Бәрінен айырылғанша, қосымша қаражат жұмсаған артық. Қонақ үйлердің басшылығы кез келген орынды шығынға баруға келісіп, дезинфекцияны өздері төлеп тұрады. Егер ережені бұзса, мейманхананы жұлдыздан айырып, айыппұл салады. Қайталанса, мүлдем жауып тастайды.

Қонақ үйлер шұғыл түрде жұмыс тәртібін өзгертіп жатқан кезде Египет президенті жаңа туристік орталығының құрылысы басталатынын жариялады. Заман талаптарына сай бұл кешенді салуға ең алдымен індет салдарынан жұмысынан айырылған ел азаматтары тартылмақ.

Авторлары: Светлана Брахми, Әмір Мұрад

Хабар 24 телеарнасы