411,61 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехия қалыпты өмірге қайта орала бастады

  • 150
  • UPD: 14:32, 30.04.2020

Чехияда соңғы күндері коронавирус жұқтырғандар саны айтарлықтай азайып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өлім-жітім де азайып барады. Осы ретте мемлекет қалыпты өмірге қайта орала бастады. Университеттер, спорттық залдар мен кітапханалар ашылған. Ал, бұған дейін гипермаркеттер мен базаралар жұмысын бастаған еді. Оң беталысқа қарамастан, Үкімет: «экономикалық қиындықтар баршылық», дейді.

Сарапшылардың болжамы расталды. Пандемия ең алдымен фермерлерге салмақ салды. Базарлар біраз уақыт бойы жабық тұрды. Салдарынан шаруалар өнімдерін қайда өткізерін білмей, әлекке түскен. Билік қолдан келгенше көмек көрсетті. Алайда, Чехияны құрғақшылық жайлап, жығылған үстіне жұдырық болды. Соның салдарынан енді арпа мен бидай межелеген өнімді бермеуі мүмкін. Өткен маусымдарда қоспалар қосып, егінді аман алып қалудың амалы жасалса, бұл жолы фермерлер «жаңбырды күтуден басқа шара қалмады» дейді.

Якуб Гудаш, Чехия ғылымдар академиясы жанындағы жаһандық өзгерістерді зерттеу институтының қызметкері:

- Соңғы жылдары жауын-шашын мөлшері 4 есеге азайған. Чехияда бүгінде әрбір шаршы метрге 870 литр су жетіспейді. Бұл кеше ғана пайда болған түйткіл емес. Ол мәселеге бірнеше жыл болды. Бірақ осы маусымда бар назар пандемияға ауып отыр. Осындай немқұрайлық кесірінен астық жинау кезінде біраз қиындыққа тап боламыз.

Аграрлық сектордағы түйткілдердің зардабын Чехиядағы ірі арақ зауыттары да тартуы мүмкін. Осы күнге дейін 114 өндіріс орны жабылып қалған. Өйткені пандемия салдарынан мейрамханалар мен барлар жұмыс істемеді. Салдарынан зауыттар өз өнімдерін өткізе алмады. Биыл наурыздағы алкоголь өнімдерінің сатылымы былтырғымен салыстырғанда 24%-ке қысқарған. Сарапшылар: «карантиннен кейін оларға деген сұраныс тек жарты жылдан кейін ғана бұрынғы деңгейіне қайтып келе алады», дейді. Бұл бір мәселе. Одан бөлек, фермерлер егін жинамаса, ликер мен араққа қажетті шикізат та болмайды. Сөйтіп, алкогольдік бизнес тағы бір қиындыққа тап болуы мүмкін.

Томаш Иргл, экономист:

- Пандемия тек ішкі нарыққа ғана зардабын тигізген жоқ. Біздің алкогольдік өнімдерімізге шетелде де сұраныс жоғары болатын. Германия және Австриямен ірі келісімшарттар жасалған еді. Одан бөлек, туристер есебінен де өнімдеріміз жақсы өтетін. Қазір болжам жасау қиын. Карантиннен жалыққан жұрт жаппай Чехияға бас сауғалауы мүмкін. Не болмаса, тағы бірнеше ай бойы үйлерінен шықпай отыруы да ғажап емес.

Пандемия аграрлық сектор мен алкоголь өндірушілерден бөлек, авиация саласына да кесірін тигізді. Рейстер санының азаюына байланысты Прага әуежайының басшылығы 450 қызметкерін қысқартқан. Екі қолға бір күрек таппай қалған жұрт «келесі аптаның соңына дейін басшылық жұмысқа қайта алмаса, ірі ереуіл өткіземіз», дейді. Алайда, билік әзірге оларды ақылға шақырумен ғана шектеліп отыр.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева,  Дмитрий Лукша

Хабар 24 телеарнасы