424,64 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемнің 143 елі биылғы 1 мамырды пандемия жағдайында атап өтті

  • 1106
  • UPD: 22:34, 01.05.2020

1 мамыр – әлем елдері үшін де көктемнің жарқын мерекесі.

Бірақ биылғы жағдай өзгерек. Біраз ел «Еңбек және ынтымақ күнін» пандемия жағдайында атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір ел онлайн бейбіт шеруге шықса, енді бірі еңбек күнін көкте тойлады.

Жансұлу Дүйсенәлі, тілші:

- Бүгінде коронавирус жұқтырғандар саны 3 миллионнан асты. 233 мың науқас көз жұмды. Мұндай қайғылы статистика және қатаң карантинге байланысты жаһанның 143 елі биылғы 1 мамырды басқаша форматта атап өтті. 

 

Қытай еңбекшілер күнін тойлап жатыр

Бүгін Қытай халқы демалады. Жергілікті тұрғындар 1 мамыр күні негізінен туған-туыстарын аралап, табиғат аясына шығатын. Ал биыл COVID-19 пандемиясына байланысты мүмкіндігінше үйде қалуға және алыс сапарға шықпауға кеңес берілді. Саябақтар мен мұражайларға бару үшін билетті алдын ала брондап қою қажет. Барлық жерде адамның температурасы тексеріліп, әлеуметтік арақашықтық сақтау талап етіледі. Және мұндай орындар зарарсыздандырылып отырады. Мысалы, бүгін Қытай астанасының қақ ортасынан ашылған жабық қала – Гугун патша сарайы күніне 5 мың билет қана сатты. Билеттің дені 1-5 мамыр аралығына сатылған.

Блиц 1:

- Біз ешқайда баруды жоспарлап отырған жоқпыз. Себебі мұнда мейрамханамыз бар. Қазір қонақтардың қарасы көп. Жұмысшы күші жетіспей жатыр.

Блиц 2:

- Жеке басымның қауіпсіздігі үшін ешқайда саяхаттамай, қалада қалуды жөн көрдім.

Айта кетейік, Қытай астанасында эпидемияға байланысты енгізілген жоғарғы деңгей екінші дәрежеге түсірілді. Өзге өңірлерден келген азаматтарды 14 күнге оқшаулау ережесі алынып тасталды. Билет алу 4 есеге өсіп, қонақ үйлер мен демалыс орындарын іздеу 3 есеге артқан. Сұраныста оңтүстік Хайнань курорты. Ал, Бейжің мен оның маңайын 5 миллионға жуық адам аралап көрмек. Жалпы көлік министрлігінің мәліметіне сүйенсек, мереке күндері саяхатшылардың саны 117 миллионға жетуі мүмкін. 3 миллионға жуық адам ұшақты таңдапты. Дегенмен, туристердің үштен екісі алысқа ұзамауды ойлаған сыңайлы.

 

Оңтүстік Кореяда пандемия жағдайындағы бейбіт шеру өтті

Ия, бұл коронавирус індеті басылған Қытай еліндегі жағдай. Ал, Оңтүстік Кореяда карантин тәртібі жеңілдетілгенімен, көпшіліктің бас қосуына рұқсат жоқ. Соған қарамастан, 1 мамыр – мемлекеттік мерекені атап өтуге кәсіподақ өкілдері жиналған. Бұл елде мереке митинг түрінде өтеді. Сөйтіп, бүгін Сеул көшесіне шыққан жұрт биліктен жалақы мөлшерін ұлғайтуды талап етті.

 

Грекия елінде де бейбіт митинг өтті

Мұндай бейбіт митинг қатаң карантин тәртібі жарияланған Грекия елінде де өтті. Бастысы – жиылған жұрт әлеуметтік қашықтықты ұмытпаған. Афина билігі «Еңбек күнін» елдегі ахуалға байланысты келесі аптаға ауыстырғысы келген еді. Бірақ халық барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, мерекені уақытылы атап өтуді жөн санапты.

 

АҚШ-та коронавируспен күресіп жатқан қызметкерлерге құрмет көрсетілді

АҚШ-та СOVID-19 індетімен күресуге үлес қосып жүрген барлық қызметкерлерге құрмет көрсетілді. 1 мамыр, яғни, бүгін Нью-Йорк аспанында АҚШ-тың әскери әуе күштері мен әскери теңіз күштерінің ұшақтары қатар ұшты. Пандемиямен күресте алдыңғы шепте еңбек етіп жүргендерге Құрама штаттар осылай көктен құрмет көрсетті.

 

Еңбек күні француздар да жаппай көшеге шықты

Жергілікті халық үшін бұл мерекенің маңызы зор болғандықтан, тұрғындар оны көп жылдық дәстүрге сай атап өтпек болған. Алайда, кәсіподақ өкілдері француздарды сыртқа шықпауға шақырып, мерекені көшеден гөрі балкон мен әлеуметтік желіде тойлауға шақырған. Бірақ бұл әрекеттен түк шықпады. Жұрт елдегі карантин жағдайына қарамастан, қала көшелеріне шығып, ұрандатумен болды. Азаматтар тіпті айыппұлға ілігіп, қамауға алынудан да тайынбаған.

Матис Саломонсе, Париж университетінің профессоры:

- Әлемнің әр жерінде шеру өтіп жатқанына куә болып отырмыз. Оған қатысушылар арақашықтық сақтап, бетперде тағып жүр. Бірақ Францияда 1 мамырды атап өтуге мүлдем тыйым салынған. Бұл адам сенгісіз жайт. Шеруге шыққандардан гөрі тәртіп сақшыларының қарасы әлдеқайда көп.

 

Түркияда «Еңбек және ынтымақ күні» online тойланды

1 мамыр әлемнің бірқатар мемлекетінде Еңбекшілердің ынтымақтастық күні ретінде тойланады. Бұл күні халық бейбіт шеруге шығып, бірлік пен ынтымақтастық шегінде әділетсіздікке қарсы үндеу жолдайды. Алғаш рет бұл мереке Парижде 1889 жылы атап өтілді. Ал, бауырлас ел Түркияда 1923 жылдан бастап бұқаралық сипатта тойланады. Қазір бізбен тікелей байланысты осы елдегі меншікті тілшіміз Меруерт Қанағат шығып тұр.

Диктор:

- Меруерт, 1 мамырды түрік жұртшылығы 1 ғасырдан бері атап өтеді екен. Бұл күннің басты мәні неде?

Меруерт Қанағат, тілші:

Иә, түрік халқы үшін бұл мейрамның маңызы ерекше. Бауырлас елде 1 мамырды Осман империясынан бері Еңбекші күні ретінде тойлайды. Биыл 109-шы жылы. 1923 жылдан бастап атаулы күн мемлекеттік мейрам. Қазірге дейін мейрамның атауы бірнеше рет өзгерген. Мысалы, 1935 жылы мерекеге «Көктем және гүл мерекесі» деген атау берілген. Алайда, халық арасында әрқашан 1 мамыр Еңбекшілер күні ретінде тойланған. 2008 жылдан бастап Еңбек және ынтымақтастық күні ретінде кеңінен аталып өтіледі.  Бұқаралық сипатта өтетін мерекеде елдің түкпір-түкпірінен келген жұмысшылар бас қосып, бейбіт шеру ұйымдастырады. Әдетте қала орталықтарына жиналатын жұрт еңбек шарты мен жалақысының жақсаруын талап етіп, шешілмей жүрген жұмысшы мәселелерінің түйінін тарқатуды қалайды. 1970 жылдан бастап 1 мамыр мейрамының символикалық орталығыЫстамбұлдағы Таксим алаңы. Тап осы алаңда 1977 жылы 34 шеруші көз жұмған. Осы себепті, мереке жылда дәстүрлі түрде Таксим алаңында бой көтерген Еңбекші ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталады.

Диктор:

Түсінікті, Меруерт. Қазірде пандемияға байланысты төрткүл дүниеде мейрамдардың дені тоқтатылды. Түркияда коронавирус өршіп тұр. Арақашықтықты сақтау қажет. Осындай жағдайда 1 мамырды ел қалай тойлап жатыр?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Әлемдегі үдеріс Түркиядағы 1 мамырға да әсер етпей қоймады. Еңбек және ынтымақтастық күнінде алғаш рет жұмысшылар орталық алаңдарда жиналған жоқ. Себебі мәлім. Дегенмен, ақпарат заманында түрік жұртшылығы бұл күнді онлайн тойлауға көшті. Мәселен, кеше 7 құрлықтағы кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен «Пандемияның еңбекшілерге әсері және қалыпты жағдайға оралу қимылы» атты онлайн конференция өтті. Аталмыш шара жұмысшы қоғамдастықтарының парақшаларында тікелей көрсетілді. Бұдан бөлек, Түркияда 1-2-3 мамыр күндері коменданттық сағат жарияланған. Мұны естіген бірқатар белсенділер алдын ала алаңдарға шығып, талаптарын айтты. Жұмысшылар пандемияның жұмыс күшіне әсер етуіне алаңдаулы. Осы себепті биліктен жағдайды бақылауға алуын сұрап отыр. Соңғы ақпар бойынша бүгін Таксим алаңына шықпақ болған ондаған адамға айыппұл салынған. Негізгі 1 мамыр шеруі бүгін кешкі 21:00-де. Барлық азаматтар үйлерінен «Еңбекші әнұранын» орындайды. Айта кетерлігі, коронавирус елдегі шағын және орта бизнеске қатты әсер етті. Жұмыс орындары жабық болғандықтан, табыс та жоқ. Түрік билігі осыған байланысты 3 айға дейін жұмыстан шығаруға тыйым салатын заң жобасын бекітті. 6 айға дейін 1170 лираға ақылы демалысқа шығуға мүмкіндік берді. Бұл теңгеге шаққанда 70 мың. Қазіргі экономикалық жағдайда оның көмегі  зор.

 

Халықаралық еңбек ұйымы 1,6 млрд адам табысынан айырылуы мүмкін

Осылай бейбіт шеру өтіп, жұртшылық жалақы мәселесін көтеріп жатыр. Ал Халықаралық еңбек ұйымы жаһанды жайлаған пандемия салдарынан 1 жарым млрд-тан астам адам табысынан айырылуы мүмкін деп мәлімдеді. Оған жаппай шектеу шараларынан кейінгі экономиканың әлсіреуі әсер еткен. Соңғы ақпарлар бойынша әлемде 2 млрд адамның жалақысы 60%-ке қысқарыпты.

Хабар 24 телеарнасы