420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Брюссельде пандемиямен күреске қаржы жинау шарасы басталды

  • 463
  • UPD: 23:56, 05.05.2020

Брюссельде коронавирусқа қарсы вакцинаны шығаруға және пандемиямен күреске қаржы жинау шарасы басталып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық онлайн-конференцияның алғашқы күні-ақ бұл мақсатқа 7 миллиард 400 миллион еуро мөлшерінде қаражат жиналды. «Коронавирусқа жаһандық жауап» деп аталған ақша жинау шарасы екі аптаға жалғасады.

Халықаралық онлайн-конференцияны Еуроодақ елдері мен Ұлыбритания, Норвегия және Сауд Арабиясы ұйымдастырды. Екі сағатқа созылған басқосуға Жапония, Канада, Оңтүстік Африка республикасы және онға тарта өзге де ел басшылары қосылды. 

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

– Бүгін халықаралық қауымдастықтың болашағын айқындаған күн болды. Біз қазір бір-бірімізден алыс болсақ та, тұтас әлемнің біріге түскенін байқап отырмыз. Бірнеше сағат ішінде вакцина мен емге 7 миллиард 400 миллион еуро жинадық. 

Конференцияның алғашқы күні Еуроодақ елдері бір миллиард еуро бөлетінін жариялады. Норвегия да бір миллиард доллар бөлуге уәде берді. БҰҰ Бас Хатшысы Антонио Гутерриш пандемияға қарсы күреске жиналған 7 жарым миллиард еуродан бес есе артық қаржы керектігін мәлімдеді. Ол жасалатын жаңа вакцина әрбір адамға қолжетімді болуы тиіс дейді. 

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:

– Індетке қарсы құралдарды тез арада шығарудан гөрі, оны бірқалыпты тарату маңызды болады. Бір адамдар қорғалып, ал қалғандарына көмек жетпейтін әлемді біз қабылдай алмаймыз. Бұл – ортақ дұшпанды жеңумен қатар, бәрімізге ортақ қауіпсіз болашақты құру мүмкіндігі.

Қаражатты жинау 23 мамырға дейін жалғасады. Бұл шараның серіктесі ретінде 8 құрылым тіркелді. Арасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Билл мен Мелинда Гейтс қоры, вакциналар және иммунизация бойынша жаһандық Альянс бар. Кез келген адам немесе ұйым бұл шараға қосылуы мүмкін. Алғашқы күннің соңында белгілі америкалық әнші Мадонна бір миллион доллар тапсыратынын жариялады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы