411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Димаш Ниязов пандемия кезіндегі АҚШ полицейлерінің жұмысы туралы айтып берді

  • 122
  • UPD: 23:46, 06.05.2020

Нью-Йорк қаласында полицияның 2200 қызметкері коронавирус жұқтырған. Ал карантин кезінде шаһарда тұрмыстық жанжал саны 43 пайызға артты, деп хабарлайды «Хабар 24»

Нью-Йорк полициясында қызмет ететін Димаш Ниязов індет кезінде америкалықтар тап болған өзге мәселелер жөнінде тілшімізге айтып берді.

Құрама Штаттарда тұратын қазақ Димаш Ниязовты көбі біледі. Ол әлі Нью-Йорктың полиция қызметінде. Димаш бұған дейін ерекшелігімен көзге түсіп,  бірнеше рет марапатталған. Осыдан үш жыл бұрын ол есірткі саудасымен айналысқан қылмыстық топтың жетекшісін қамауға алғаны үшін Нью-Йорктің ең үздік полицейі атағына ие болды.

Димаш Ниязов, Нью-Йорк полициясының қызметкері:

– Карантинде отырған жоқпын, өйткені полицей болып жұмыс істеймін және бәріне көмектесіп жүрмін. АҚШ-та коронавирус індеті басталғанда бізге қызметкерлер жетпейтін болды. Қазір Нью-Йоркте 35 мың полицей жұмыс істейді. Алты мыңында коронавирусқа тән белгілер анықталып, екі мың екі жүзінде бұл ауру расталды. Олардың көбі жұмысына орала бастады және біз қайта қалыпты кестеге көштік. Ал осыған дейін 12 сағат бойы кезекшілік ететін едік.

Димаштың айтуынша, індет басталғалы көшедегі қылмыс пен жол апаттарының саны азайды. Бұған карантин кезінде адамдардың үйлерінде оқшаулануы себеп.

Димаш Ниязов, Нью-Йорк полициясының қызметкері:

– Алайда өткен жылмен салыстырғанда тұрмыстағы озбырлық саны 43 пайызға артты. Ұрлық та 75 пайызға көбейді, өйткені жабық тұрған дүкендердің көбісінде күзет жоқ. Сондай-ақ, тонау 29 пайызға артты. Көптеген штаттарда наразылық шерулер өтіп жатыр. Халық жұмысқы шыққысы келеді. Американың 30 миллион тұрғыны табысынан айырылды.

Полициядағы жұмысымен қатар Димаш кәсіпқой бокспен де шұғылданады. Ол Американың беделді ареналарында 13 рет жеңіске жетті. Қарсыластары арасында Эдуардо Рэес, Джеймс Лэстер, Агустин Маурас болған.

Димаш Ниязов, Нью-Йорк полициясының қызметкері:

– Карантиннің кесірінен орталыққа бара алмаймын. Сол себептен көшеде жаттығуға мәжбүрмін. Сәуір айында жекпе-жек өткізу жоспарда болған, бірақ вирусқа байланысты ол кейінге қалды. Дегенмен рингке оралу үшін өзімді бабымда ұстаймын. Құрметті қазақстандықтар бір-біріңе қамқор болып, сабыр сақтаңдар. Жақын арада мұның бәрі аяқталады. Өзім де карантиннің аяқталуын асыға күтіп отырмын. Қазақстанға келіп, түрлі қалалардың полицейлері арасында бокстен жарыс ұйымдастырғым келеді.

Хабар 24 телеарнасы