431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ДДСҰ А.Лукашенконың парад өткізу шешіміне алаңдаушылық білдірді

  • 332
  • UPD: 15:12, 07.05.2020

Беларусьте Жеңіс күніне орай ұйымдастырылатын парадқа қызу дайындық жүруде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамырдың 9-ы күні Минск қаласында салтанатты әскери шеру, концерт пен мерекелік отшашу өткізілмек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биліктің бұл шешіміне алаңдаушылық білдіруде. Мәселен, қазірдің өзінде елде коронавирусты жұқтырғандардың саны 20 мыңнан асты. Осыған қарамастан, билік өкілдері жағдайдың бақылауда екенін, ал пандемияға қатысты ақпарат асырылып айтылған дейді.

Әлем елдерін дүрліктірген пандемия кезінде Беларусьте Пасха мерекесі, жалпы республикалық сенбілік сияқты іс шаралар өткізіліп келеді. Енді ел Жеңіс күніне орай шеру өткізу үшін қызу дайындық үстінде.

6 мамыр күні елдің қорғаныс министрлігінде шараның нақты жоспары талқыланды. Әзірше шеруге қатысатындар әскери бөлім мен аэродромдарда дайындалып жатыр. Жоспар бойынша мереке әдеттегідей жоғары деңгейде өткізілмек. Ал ондағы қауіпсіздік мәселесі жайында еш ақпарат жоқ.

Владимир Кулажин, солтүстік-батыс шұғыл қолбасшылығы басшысының орынбасары:

– Қазір Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай ұйымдастырылатын шеруге арналған дайындық жалғасуда. Шараға ең тәртіпті әскерилер жұмылдырылды. Олар жаттығу кезінде өз шеберліктерін де шыңдайды. Жеке құрам өз міндетін жауапкершілікпен атқарып жатыр.

Александр Лукашенконың айтуынша, жаппай мерекені тойлау үшін ешкімді күштемейді. Алайда әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметкерлердің мерекелік шараға қатысқаны дұрыс деген шақырылу қағаздары кең тарап кеткен. Тіпті оқу үлгерімін жақсартқысы келген жоғарғы оқу орындарының студенттері үшін де тиімді ұсыныс жасалды. Бір қызығы коронавирустың айналасында дүрбелең тудырмау үшін маскасыз келген абзал деген кеңес те берілді. Ал мемлекеттің ресми құрылымдары мұның бәрі жалған ақпарат екенін айтады. Мемлекет басшысы онсыз да мерекеге келетін қонақтың қарасы қалың болатынына еш күмәнданбаймын деп отыр.

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

– Минскте жиналғанымыз дұрыс. Жағдайды пайдалана отырып, көпшіліктің алдында барлық елдің басшыларын мерекелік шерудің құрметті қонағы болуға шақырамын.

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымы бұған алаңдаушылық білдіруде. Айта кетейік, аймақтағы парадқа жыл сайын Ресей мен Қытайдың қарулы күштері де атсалысатын. Биыл олар қатысудан бас тартты. Бұған қарамастан шаһардың басты көшелерінде шамамен 3 мыңға жуық әскер сап түзейді. Кейін жоспар бойынша мерекелік концерт пен отшашу бар. Парадты коронавирусқа шалдыққан мыңдаған науқас та тікелей эфирде тамашалай алады. 

Авторлары: Дмитрий Лукша, Константин Никаноров

Хабар 24 телеарнасы