425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Норвегияда шектеу шаралары біртіндеп алынады

  • 381
  • UPD: 15:14, 08.05.2020

Мектеп, мейрамхана, мемлекеттік мекемелер маусым айынан бастап қайта қалыпты тіршілікке оралады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Норвегия премьер-министрі осылай деп мәлімдеді. Бұл мемлекет Еуропа елдері арасында алғашқылардың бірі болып, 12 наурызда карантин тәртібін енгізген еді. Коронавирусты бақылауға алған соң, кезең-кезеңімен шектеу шараларын жеңілдетіп жатыр. Мәселен, 20 сәуірден бастап балабақша, 27 сәуірден бастап бастауыш сыныптар ашылды. Ал дүйсенбі күні жоғары сынып оқушылары мектепке қайта оралады. Мейрамхана, бар, саябақ және демалыс орындары 1 маусым күні ашылады. Бірақ тәртіп жеңілдетілгенімен, туристерге елге келуге рұқсат жоқ.

Эрна Сольберг, Норвегия премьер-министрі:

– Билік қатаң шектеу шараларын енгізгенде, халық бізге сенім артып, бекітілген талаптарды өте мұқият орындады. Енді, тиісінше, біз берген уәдемізді орындауымыз керек. Сондықтан бүгін Норвегияны жаз айларында қалыпты тіршілікке қайта оралту үшін арнайы стратегияны ұсындық.

Франция мемлекеті де алдағы дүйсенбіден бастап карантин тәртібін жеңілдетуге әзір екенін мәлімдеді. Келесі жетіде 1 миллион оқушы мен 130 мың ұстаз мектепке қайта оралады. Дегенмен, шектеу шаралары «қызыл аймақ» саналатын қауіпті аудандарда сол күйі сақталады. 1 маусымнан бастап ел аумағындағы саябақтар, мейрамханалар ашылады. Қызметкерлер болса қоғамдық көлікті қолдану үшін жұмыс орындарынан анықтама алуы керек. Сондай-ақ тұрғындарға бетперде киіп жүру міндеттелді. Бұл талапты елемеген жағдайда 135 еуро айыппұл төлейді.

Хабар 24 телеарнасы