410,33 456,25 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде пандемия салдарынан табысынан айырылған мигранттардың жағдайы ауыр

  • 168
  • UPD: 12:46, 09.05.2020

Ресейде пандемия салдарынан ресми жұмыссыздар саны 1 миллион 200 мыңнан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еңбек министрлігі «жыл соңына дейін 6 миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін», дейді. Алайда, бұл статистикада нәпақасынан айырылған мигранттар ескерілмеген. Өткен жылдың мәліметі бойынша Ресейде 12 миллион келімсек еңбек еткен. Табысынан айырылып, Отанына оралуға мүмкіндігі жоқ олардың жағдайы не болмақ.

Мәскеу өңірінде коронавирусқа байланысты 15 мың мейрамхана, дәмхана мен асханалар жабылды. Тағамдарды тапсырыспен жеткізуге дер кезінде дағдыланған кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр.

Фируз Рахмонов, кәсіпкер:

- Табысымыз 50% азайды. Мұны жасырған жоқпын, бәрі түсініп отыр. Қызметкерлеріміз негізінен келімсектер, елдеріне қайта алмай отыр. Өзім де пайдамнан бас тарттым. Осылай күн көріп отырмыз.

Насим Носиров, аспазшы:

- Басшылығымыз жалақымызды қысқартатынын айтып, біз бұған келістік. Өйткені өмір сүруіміз керек. Шекаралар жабық болғандықтан, басқа баратын жеріміз жоқ.

Тағамдарды сыртқа сату және тапсырыспен жеткізу. Карантин кезінде келімсектер тек екі осы салада жұмыс істеп келеді. Ал, құрылыста еңбек еткен мигранттардың көбісінің жағдайы қиын. Қазір Мәскеуде тек ауруханалар салынып жатыр. Сарапшылардың есебінше, індетке дейін қаладағы құрылыстарда 2 миллиондай мигрант жұмыс істеген. Олардың табыссыз қалғанына бір ай уақыт өтті.

Блиц 1:

- Құрылыстарыңызды қашан жапты?

- Карантин басталғанда жапты.

- Қалай күн көріп жүрсіңдер?

- Қарызға аламыз.

- Ал оқшаулану тағы бір айға жалғасса ше?

- Онда не істерімді білмеймін.

Блиц 2:

- Жұмыс істеуге келемін. Ал қазір жұмыс болмағандықтан, ақшам да жоқ, қиналып кеттім. Ертеңім не болары белгісіз.

Ресей үкіметі коронавирустың кесірінен жұмысынан айырылған бүкіл халыққа жәрдемақы төлеуді уәде етті. Алайда, мұның өзге елдерден келген мигранттарға қатысы жоқ.

Светлана Ганнушкина, «Азаматтық жәрдемдесу» комитетінің төрағасы:

- Әдетте келісімшарттар жасамайтындықтан, жұмыс істегенін сотта дәлелдеу өте қиын. Келісімдері болмағандықтан, қазір жұмысынан айрылып жатыр. Ресей бойынша жүздеген мың адам осындай жағдайда. Қоғамдық ұйымдардан басқа ешкім оларға көмек бермейді. Біз адамдардың құқықтық мәртебесі мен азаматтығына қарамай, бәріне жәрдем беруді Мишустинге ұсынған едік.

Бұл ахуалды шешудің екі жолы бар – жәрдемақы төлеу немесе жұмыспен қамту. Мәскеу билігі екінші жолды таңдады. 12 мамырдан бастап қаладағы барлық құрылыс орындары мен өндіріс кәсіпорындарына жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Мэрияның есебінше, мұның арқасында кем дегенде жарты миллион адамды жұмыспен қамтуға болады.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы