433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлыбритания карантиннен шығу жоспарын жариялады

  • 412
  • UPD: 15:23, 11.05.2020
Ұлыбритания карантиннен шығу жоспарын жариялады

Премьер-министр Борис Джонсон оның кезең-кезеңімен жүзеге асатындығын айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ жоспарды Біріккен Корольдік құрамына кіретін мемлекеттердің барлығы қолдай қоймады. Айта кету керек, елде коронавирустан қайтыс болғандар саны 32 мың адамға жетіп отыр.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Ұлыбритания халқы енді коронавирусқа қарсы жаңа ұран мен тәртіпке бағынуы тиіс. Үкімет жұртшылықты мейілінше сақ болуға, вирустың тарамауына ықпал етуге және өз өмірлерін қауіп-қатерге тікпеуге шақырады.

Бүгіннен бастап үйден жұмыс істей алмайтындар жұмысқа шығулары керек. Лажы болса, қоғамдық көліке мінбеулері және екі метрлік әлеуметтік арақашықтықты сақтаулары шарт. Айтпақшы, Үкімет жаяу және велосипед қозғалысын дамыту үшін 2 миллиард стерлинг фунтын бөлгелі отыр. Сондай-ақ сәрсенбіден бастап күніне бірнеше рет қыдыруға және спортпен айналысуға рұқсат етіледі. Бірінші маусымнан бастап бастауыш мектептер мен кейбір дүкендер ашылады. Шілде айында қонақ үйлер мен мейрамаханалар жұмыс істей бастайды. Мамыр айының соңынан бастап өзге елдерден келген әуе жолаушылары екі апта карантинде болады.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Қазір біз «локдаунды» тоқтата алмаймыз. Оның орнына шектеулерді жеңілдету үшін барынша сақтықпен алғашқы амалдарды жасап жатырмыз. Біз ғалымдардың пікіріне құлақ асып, халықтың денсаулығын жіті қадағалайтын боламыз.

Лейборшылардың оппозициялық партиясы Джонсонның баяндамасын қанағаттанарлықсыз деп бағалады. Олардың пікірінше, стратегиялық жоспар жауаптардан гөрі сұрақтарға толы.

Кир Стармер, лейбористер партиясының көшбасшысы:

– Бүгін елге айқындық пен ортақ келісім қажет еді. Бірақ екеуі де жоқ секілді. Англия, Шотландия және Уэльс әр жаққа тартып жатыр. Үкімет үшін бұл қатер тіпті істегі олқылық.

Шынында да, шотландиялықтар Джонсонның сөзін сынға алды. Шотландияның бірінші министрі Никола Стерджен британиялықтардың өз сұрақтарына нақты жауап ала алмағанын айтып, шотландиялықтарды «Сақ болу» емес бұрынғы «Үйде отыр» ұранын ұстануға шақырды.

Никола Стерджен, Шотландияның бірінші министрі:

– Менің айтпағым: егер сіз Шотландияда тұрсаңыз аса қажет болмаған жағдайда үйден шықпаңыз. Үйде отыра беріңіз.

Ұлыбритания премьер-министрі болса, дүйсенбіде Парламентте өз жоспары жайында толық әрі ашық айтып беруге уәде етті. Қажетті құжат кеңінен талқыланып, депутат-әріптестері Джонсонға сұрақты қардай боратады деген болжам бар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы